Сарысу ауданының Жаңатас қаласындағы Абылай хан атындағы мектеп-лицейде оқушыларға арналған заманауи стоматологиялық кабинет ашылды. Жаңа кабинет 2024–2028 жылдарға арналған «Болашаққа сау тіспен» бағдарламасы аясында жабдықталған, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Аталған бастама Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2024 жылғы 27 қыркүйектегі №680 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылуда. Бағдарлама мектеп жасындағы балалар арасында стоматологиялық аурулардың алдын алуға және білім беру ұйымдарында медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Кабинеттің ашылу салтанатына Жамбыл облысы әкімдігі Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек қатысып, игі бастаманың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ аудандық білім бөлімінің басшысы Жуаныш Жарықбасов пен аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Айнұр Каликова құттықтау сөз сөйлеп, жаңа кабинеттің жұмысына сәттілік тіледі.
Мұнда оқушыларға профилактикалық шаралар жүргізіліп, алғашқы стоматологиялық көмек көрсетіледі. Бұл балалардың ауыз қуысы гигиенасын сақтау мәдениетін қалыптастыруға, тіс ауруларының алдын алуға және дер кезінде медициналық көмек алуына мүмкіндік береді.
«Болашаққа сау тіспен» бағдарламасының негізгі мақсаты – мектеп оқушыларының стоматологиялық денсаулығын жақсарту, аурулардың таралу деңгейін төмендету және балаларға медициналық қызметті білім беру ұйымдарының өзінде қолжетімді ету.