Қазақстанда шілде айы саркома туралы ақпараттандыру айлығы ретінде өткізіліп келеді. Оның басты мақсаты – тұрғындардың осы сирек кездесетін қатерлі ісік түрі туралы білімін арттыру, ауруды ерте анықтаудың маңызын түсіндіру және дер кезінде дәрігерге қаралу мәдениетін қалыптастыру, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Саркома – сүйек, бұлшықет, май, шеміршек және басқа да дәнекер тіндерден дамитын қатерлі ісік. Мамандар бұл аурудың ерекшелігі оның салыстырмалы түрде сирек кездесетініне қарамастан, тез өсіп, басқа ағзаларға таралу қаупінің жоғары болатынын айтады.
Жамбыл облысында саркома онкологиялық аурулардың құрылымында алғашқы орындарда болмаса да, жыл сайын ондаған жаңа жағдай тіркеледі. Қазіргі таңда облыстық онкология орталығының диспансерлік есебінде саркомамен ауыратын 183 пациент бақылауда. Олардың жартысынан көбі бес жылдан астам уақыт өмір сүріп келеді. Бұл уақытылы диагноз қойылып, кешенді ем жүргізілген жағдайда жақсы нәтижеге қол жеткізуге болатынын көрсетеді.
Саркоманың алғашқы белгілері көп жағдайда басқа ауруларға ұқсас болуы мүмкін. Ұзақ уақыт кетпейтін ауырсыну, тері астындағы түйіннің пайда болуы, сүйек ауыруы, әлсіздік, себепсіз салмақ жоғалту сияқты белгілер байқалса, дәрігерге қаралған жөн.
Бүгінде саркоманы анықтауда ультрадыбыстық зерттеу, МРТ, компьютерлік томография, ПЭТ-КТ, сондай-ақ морфологиялық, иммуногистохимиялық және молекулалық-генетикалық зерттеулер қолданылады. Осындай кешенді диагностика аурудың түрін нақты анықтап, тиімді емдеу әдісін таңдауға мүмкіндік береді.
Емдеу тактикасы ісіктің орналасуына және сатысына байланысты анықталады. Қазіргі медицинада хирургиялық ем, сәулелік терапия, химиотерапия, таргеттік және иммунотерапия кеңінен пайдаланылады. Бұл әдістердің үйлесімі көптеген пациенттің өмір сүру ұзақтығын арттыруға және өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік беріп отыр.
Дәрігерлердің айтуынша, саркоманың алдын алудың маңызды жолдарының бірі – денсаулыққа жауапкершілікпен қарау. Жарақаттарды дер кезінде емдеу, зиянды факторлардан сақтану, созылмалы қабыну ауруларын бақылауда ұстау және профилактикалық тексерулерден тұрақты өту ауруды ерте кезеңде анықтауға көмектеседі.
Мамандар тұрғындарды денсаулықтағы кез келген өзгеріске бейжай қарамай, медициналық тексерулерден уақытылы өтуге шақырады. Өйткені қатерлі ісікке қарсы күрестегі ең тиімді құрал – ерте диагностика.