4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Құлан агротехникалық жоғары колледжінде салтанатты іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Мерекелік жиынға колледж оқытушылары мен студенттері қатысып, мемлекеттік рәміздерді ұлықтауға арналған тағылымды шараға белсене атсалысты. Іс-шара барысында қатысушылар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын бірлесіп орындап, Отанға деген сүйіспеншілік пен құрметтің жарқын үлгісін көрсетті.
Шараның басты мақсаты – жастардың бойында патриоттық рухты қалыптастыру, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Сондай-ақ студенттердің азаматтық жауапкершілігін нығайтып, елжандылық қасиеттерін дамытуға ерекше көңіл бөлінді.
Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіз Қазақстанның егемендігі мен тұтастығын білдіретін маңызды құндылықтар. Ту, Елтаңба және Әнұран – халқымыздың бірлігі мен мемлекетіміздің мәртебесін айқындайтын қасиетті белгілер.
Әнұранды бірге орындау арқылы колледж жастары туған еліне деген мақтаныш сезімдерін білдіріп, бірлік пен ынтымақтың маңызын тағы бір мәрте сезінді.
Осындай тәрбиелік мәні зор іс-шаралар өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастырып, ел болашағына жауапкершілікпен қарауға тәрбиелейді