Құқықтық медиа орталығы Қазақстанда журналистерге жасалып жатқан қысымның күшейгенін мәлімдеді. Ұйым 19 наурыз күні таратқан хабарламасында соңғы уақытта тіркелген бірқатар оқиғаны мысал ретінде келтірген, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Атап айтқанда, ҚазТАГ агенттігінің басшысы Әсет Матаевтың соққыға жығылуы, сондай-ақ референдум күні бірқатар журналистердің ұсталғаны қоғамда алаңдаушылық туғызған. Олардың қатарында Азаттық тілшісі Жолдас Өрісбай, Informburo порталының журналисі Әйгерім Ескендір және журналист Сәния Тойкен бар. Олар президент дауыс беруге тиіс болған сайлау учаскесінде қызметтік міндетін атқарып жүрген кезде ұсталған.
Ұйым мәліметінше, бұдан бөлек басқа да журналистердің сайлау учаскелеріне кіруіне кедергі келтірілген, дауыс санау процесіне қатысуға мүмкіндік берілмеген және кейбірі учаскелерден шығарылған. Сонымен қатар кәсіби қызметіне тосқауыл қою деректері тіркелгені айтылды. Референдум қарсаңында интернет-ресурстардың бұғатталуы да сөз болған.
Мәлімдемеде қазіргі таңда Orda.kz бас редакторы Гүлнар Бажкенова мен ҚазТАГ бас редакторы Әмір Қасеновтің “жалған ақпарат тарату” айыбымен үйқамақта отырғаны, алайда олардың ісі бойынша нақты ақпараттың жоқтығы қоғамда түрлі қауесеттердің таралуына себеп болып отырғаны атап өтілген.
Құқықтық медиа орталығы бұл жағдайлар Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөз бостандығын қамтамасыз ету және ақпарат тарату құқығын қорғау туралы мәлімдемелері аясында ерекше алаңдаушылық туғызатынын жеткізді.
Ұйым өкілдері Қазақстан өзін демократиялық мемлекет ретінде жариялағанын еске салып, журналистерді қудалауды тоқтатып, аталған жағдайларды жан-жақты тексеруге шақырды.