Белгілі актриса Құралай Анарбекова әлеуметтік желідегі парақшасында бірнеше жыл бойы өзін аңдыған ер адам туралы алғаш рет ашық айтты, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Өнер иесінің сөзінше, бұл жағдай ұзақ уақытқа созылып, оған психологиялық тұрғыда ауыр әсер еткен. Белгісіз ер адам актрисаны күн сайын жұмысына, түсірілім алаңына және үйіне дейін іздеп барған.
Құралай Анарбекова ол кезде сталкингке қатысты арнайы заң болмағандықтан, жазылған арыздар нәтижесіз қалғанын айтты.
“Бұл видео өткен жылы түсірілген. Ол күн сайын түсірілім алаңына келіп, қандай да бір жолмен біздің орналасқан жерімізді тауып алатын. Онымен сөйлесуге тырыстым. Бірақ өзін дұрыс ұстай алмағанын көргеннен кейін және маған бірнеше рет шабуыл жасау әрекеті болған соң, ешқандай байланысқа шықпауға шешім қабылдадым”, – деді актриса.
Сонымен қатар ол ер адамның өзінің бұрын тұрған мекенжайын тауып алғанын айтып, сол себепті тұрғылықты жерін ауыстыруға мәжбүр болғанын жеткізді.
“Алғаш келген күні маған шабуыл жасау әрекеті болды. Абырой болғанда, күзет қызметкерлері оны тоқтатып, сыртқа шығарып жіберді”, – дейді ол.
Актрисаның айтуынша, әлгі ер адам басқа елдің азаматы болып шыққан. Ол ай сайын Қазақстанға арнайы ұшып келіп жүрген. Тіпті Құралай Анарбекова шетелге түсірілімге кеткен кезде де артынан іздеп барған.
Кейін сталкинг туралы заң күшіне енген соң, актриса барлық дәлелдерді жинап, құзырлы органдарға тапсырған.
“Полиция қызметкерлері одан: «Неге аңдып жүрсің?» деп сұрағанда, «Ол – менің әйелім» деп жауап берген. Шынымды айтсам, мұны есту өте қорқынышты болды”, – деп жазды актриса.