Контентке өту

Құрылтай – қоғам мен мемлекет арасындағы сабақтастықтың алаңы

Құрылтай – қоғам мен мемлекет арасындағы сабақтастықтың алаңы

Қазақ қоғамында ел тағдырына қатысты маңызды мәселелерді ортаға салып, ортақ шешімге келудің өзіндік дәстүрі қалыптасқан. Соның тарихи жалғасы ретінде бүгінгі Құрылтайдың орны ерекше. Құрылтай – жай ғана жиын немесе пікір алмасатын алаң емес, елдің ертеңін ойлайтын азаматтардың басын қосып, қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық талқылауға мүмкіндік беретін маңызды институт.

Бүгінгі таңда мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайту – уақыт талабы. Қоғамда қандай мәселе бар, халықтың қандай ұсынысы бар, қандай өзгерістер қажет деген сұрақтарға жауап іздеу үшін ашық пікір мен нақты диалог керек. Осы тұрғыдан алғанда Құрылтайдың маңызы айқын көрінеді.

Құрылтай алаңында көтерілетін мәселелер елдің әлеуметтік жағдайынан бастап, білім, мәдениет, тәрбие, ұлттық құндылық, жастар саясаты, ауылдың дамуы, еңбек мәдениеті мен қоғамдық жауапкершілікке дейінгі кең ауқымды қамтиды. Бұл – қоғамның барлық саласына ортақ мәселелер.

Құрылтайдың басты ерекшелігі – елдің әр өңірінен, түрлі әлеуметтік және қоғамдық ортадан өкілдердің бас қосуы. Әр азаматтың өз ортасында көріп жүрген мәселесі бар. Бір жерде инфрақұрылым маңызды болса, енді бір жерде жастардың болашағы, білім сапасы немесе ұлттық құндылықтарды сақтау өзекті болуы мүмкін. Осындай пікірлердің бір ортаға тоғысуы қоғам үшін пайдалы.

Қазақ үшін кеңесіп шешім қабылдау – ежелден келе жатқан дәстүр. «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген сөздің өзінде үлкен мән бар. Сондықтан бүгінгі Құрылтайды осы дәстүрдің заманауи жалғасы деп қабылдауға болады.

Ең бастысы, Құрылтайда айтылған пікір сөз жүзінде қалып қоймай, нақты бастамаларға ұласуы керек. Өйткені халықтың сенімі – нақты нәтижемен қалыптасады. Қоғамдық ұсыныс ескеріліп, көтерілген мәселе шешімін тапқан сайын азаматтардың мемлекет ісіне деген жауапкершілігі де, сенімі де арта түседі.

Құрылтай – елдің өткенін саралап, бүгінін бағалап, болашағын бағдарлайтын маңызды алаң. Оның мәні де осында.

Сағынғали Аманов, Мойынқұм аудандық қоғамдық кеңес төрағасы

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты