Контентке өту

Құрылтай – заманауи мемлекеттік басқарудың жаңа белесі

Құрылтай – заманауи мемлекеттік басқарудың жаңа белесі

Мемлекеттік басқару жүйесіндегі реформалардың басты мақсаты – елдің тұрақты дамуына негіз болатын тиімді әрі заманауи институттарды қалыптастыру. Қазақстан үшін 2026 жыл осы бағыттағы маңызды өзгерістермен ерекшеленіп отыр.

Жаңа Конституцияның күшіне енуі еліміздің саяси-құқықтық жүйесіне бірқатар өзгеріс әкелді. Соның бірі – заң шығару қызметін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган – Құрылтайдың құрылуы.

Құрылтай 145 депутаттан тұрады. Депутаттар партиялық тізім негізінде біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша бес жыл мерзімге сайланады. Сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы қағидаттары негізінде жасырын дауыс беру арқылы өтеді.

Құрылтайдың қоғам өміріндегі маңызын түсіну үшін оның өкілді орган ретіндегі негізгі міндеттеріне назар аударған жөн. Өйткені қоғам – түрлі әлеуметтік топтардан, кәсіпкерлерден, жастардан, еңбек адамдары мен ауыл тұрғындарынан, ғылым және шығармашылық саласының өкілдерінен құралған күрделі орта. Әр топтың өзіне тән мәселесі мен қоғамдық сұранысы бар.

Осы әртүрлі мүдделердің заң шығару процесінде қаншалықты ескерілетіні Құрылтай жұмысының сапасына тікелей байланысты. Сондықтан оның қызметін тек қабылданған заңдардың санымен өлшеу жеткіліксіз. Ең бастысы – қабылданған заңдардың қоғам қажеттілігіне қаншалықты сәйкес келетіні, нақты мәселелерді шешуге қаншалықты ықпал ететіні және азаматтардың өміріне тигізетін әсері.

Бүгінде ауылдық жерлердегі инфрақұрылым, шағын және орта бизнесті қолдау, еңбек қатынастары, әлеуметтік қорғау, білім мен ғылымды дамыту, қоршаған ортаны сақтау сияқты бағыттардың барлығы заңнамалық тұрғыдан тұрақты назар аударуды қажет етеді. Қоғам өзгерген сайын осы салалардағы құқықтық нормаларды да жетілдіру қажеттілігі арта түседі.

Бұл ретте Құрылтай депутаттарының кәсіби білімі, заңнамалық процесті терең меңгеруі және қоғамдағы өзекті мәселелерді дұрыс саралай білуі ерекше мәнге ие. Себебі сапалы заң – жан-жақты талдау мен жауапты шешімнің нәтижесі.

Жаңа Конституция мемлекеттік биліктің жауапкершілігін күшейтуге, заң үстемдігін орнықтыруға, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін нығайтуға және азаматтардың мемлекет ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған жаңа құқықтық негіз қалыптастырды. Сондықтан Құрылтайдың қызметі де осы конституциялық қағидаттарға сай болуы қажет.

Осы тұрғыдан алғанда, 23 тамыздағы сайлаудың маңызы айрықша. Бұл – тек депутаттарды таңдау күні ғана емес, жаңа конституциялық жүйе жағдайындағы заң шығару институтының қалыптасуына жол ашатын маңызды саяси кезең.

Сайлаудан кейін Құрылтай депутаттарын бес жылдық жауапты жұмыс күтіп тұр. Қоғамдық мәселелерді талқылау, заң жобаларын қарау, қолданыстағы заңнаманы жетілдіру және мемлекеттік саясаттың құқықтық негіздерін қалыптастыру – оның негізгі міндеттерінің қатарында болады.
Сондықтан Құрылтайдың жұмысына берілетін басты баға – оның қоғамдағы өзгерістерді қаншалықты дәл танып, азаматтардың сұранысына сай тиімді әрі сапалы құқықтық шешімдер қабылдай алуымен өлшенеді.

Бұл – жаңа өкілді органның алдында тұрған үлкен міндет әрі зор жауапкершілік. Құрылтай елдің әр азаматының мүддесін ескеріп, қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтатын, заң үстемдігін қамтамасыз ететін маңызды институтқа айналуы тиіс.

Свамбай АРИНОВ, «БУРНОЕ СҮТ КОМПАНИЯСЫ» ЖШС директоры,
жеке кәсіпкер, аудандық мәслихат депутаты

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты