Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Данияр Үсеновтің ұлы Урмат Үсенов Алматыдағы тергеу изоляторында қамауда отыр. Бұл туралы қырғызстандық Kaktus.media басылымы хабарлады, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Басылым мәліметінше, Урмат Үсенов заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құру ісі бойынша күдіктілердің қатарында. Онымен бірге тағы үш адам – Қырғызстанның екі азаматы мен Қазақстанның бір азаматы тергеліп жатыр.
Тергеу нұсқасына сәйкес, күдіктілер ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқан болуы мүмкін. Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, олардың әрекетінен келтірілген шығын көлемі 26 миллион теңгені құраған.
Сонымен қатар, тергеу барысында құны 46 миллион теңгеден асатын 1,6 тоннадан астам кальян темекісі тәркіленгені белгілі болды.
Наурыз айында Алматы қаласының соты аталған іс бойынша күдіктілерді екі ай мерзімге қамауға алу туралы шешім шығарған.
Айта кетейік, Урмат Үсеновтің әкесі Данияр Үсенов 2009-2010 жылдары Қырғызстанның премьер-министрі қызметін атқарған. Ол 2010 жылғы сәуір революциясынан кейін қызметінен кетіп, кейін елден кеткені жөнінде ақпарат тараған болатын.
Қазіргі уақытта аталған іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.