Қазақстандық кәсіпкер Тұрсынғали Алагөзов жеке өміріне қатысты ауыр кезеңдер туралы ашық әңгімелеп, көпшіліктің назарын аударды. Оның айтуынша, бірінші әйелімен ажырасқаннан кейін балалары әкесіне қатты ренжіп, шамамен 10 жыл бойы араласпай кеткен, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Кәсіпкер бұл жағдайдың оңай болмағанын жасырмайды. Ол балаларының анасын қорғағанын түсінетінін айтып, сол кезеңде олардың ауыр эмоцияны бастан өткергенін жеткізді.
«Ұлыма “Балам, мен сенің әкеңмін, араласайық” деп жазатынмын. Бірақ ол “Сен анамды тастап кеттің” деп жауап беретін. Меніңше, бұл — ішіндегі ренішін шығару еді. Адам эмоциясын іште сақтамай, сыртқа шығаруы керек», — дейді ол.
Алагөзов ажырасу үдерісі өте қиын өткенін атап өтті. Оның сөзінше, бұл жағдай балалардың өміріне де әсер етіп, олар тіпті өз тегін өзгертуге мәжбүр болған. Себебі қоғамдағы қысым мен айналаның сөздері олардың жанын жаралаған.
Соған қарамастан, кәсіпкер уақыт өте келе балаларының көзқарасы өзгергенін айтты. Әсіресе қызы тұрмыс құрып, ана атанғаннан кейін әкелік пен отбасы құндылығын тереңірек түсіне бастаған.
Бүгінде Тұрсынғали Алагөзов балаларымен қарым-қатынасты қайта қалпына келтіріп, татуласқан. Ол бұл жолда шамамен екі жыл уақыт жұмсағанын жеткізді.
«Бұл — өмір. Жақын адамдар бір-бірімен араласуы керек. Егер ақыл болса, әрқашан келісімге келудің жолы табылады», — дейді кәсіпкер.
Сондай-ақ ол ажырасуға балалардың кінәлі емес екенін атап өтіп, ата-ана арасындағы мәселелер балалардың санасына әсер етпеуі тиіс деген пікір білдірді.
Бұл оқиға желіде түрлі пікір туғызды. Бірі әкенің қадамын қолдаса, енді бірі өткен жағдайға қатысты сыни көзқарас білдіруде.
Сіздің пікіріңіз қандай? Мұндай жағдайда кім дұрыс деп ойлайсыз?