Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевмен болған кездесуі туралы естелігін бөлісті, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Әншінің айтуынша, бұл оқиға шамамен 25 жыл бұрын болған. Сол уақытта оның сахнадағы шығармашылық жолына 25 жыл толып, экс-президенттің арнайы қабылдауына шақырылған.
«Бір жылдары мені Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады. Ол кезде сахнада жүргеніме 25 жыл толған еді. Мен сол кезде шақыртумен бардым», – деді өнер иесі.
Роза Рымбаева кездесуде президентті өзінің концертіне арнайы қонақ ретінде шақырғанын айтты. Әншінің сөзінше, бұл кезең оның өміріндегі ауыр уақыттардың бірі болған. Жолдасы Тасқын Оқапов қайтыс болғаннан кейін қатты күйзелгенін жеткізді.
«Жолдасым Тасқынның қазасынан кейін қатты есеңгіреп қалғам. Ол мені қолдау үшін концертіме келді», – деді әнші.
Сондай-ақ Роза Рымбаева сол кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевтың өзіне қандай көмек қажет екенін сұрағанын еске алды.
«Сол кездері Нұрсұлтан Назарбаев: “Роза, не керек? Қандай көмек қажет?” – деп сұрады. Ал мен болсам “үйім кішкентай, аядай үйде тұрамын, жағдайымыз мәз емес” деп айтуға арландым», – деді ол.
Өнер иесі ешқандай өтініш айтпағанын, тек мәселелер болса әкімдікке жүгінетінін жеткізгенін айтты. Кездесу соңында экс-президент әншіге алғысын білдіріп, раушан гүлдерін сыйлаған.