Алматы облысында мектеп бітіру кешінде қаза тапқан 11-сынып оқушысы Әлібидің ісі бойынша сот үкімі шықты. Жабық форматта өткен сот отырысында күдікті 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Қайғылы оқиға 2025 жылдың мамыр айында Алматы облысындағы Долан ауылында болған. Мектеп бітіру кешін атап өтпек болған түлектерге ата-аналары коттедж жалдап берген. Жастар дастархан жайып, кәуап пісіріп, мерекелік отырыс ұйымдастырған. Кей мәліметтерге сүйенсек, кеш барысында кейбір жасөспірімдер спирттік ішімдік те ішкен.
Алайда отырыс соңы жанжалға ұласқан. Куәгерлердің айтуынша, 17 жастағы Әліби қатарлас қызға араша түсемін деп жүріп жарақат алған. Марқұм сол сәтте мас болмағаны айтылады. Ол ашуға булыққан сыныптасын сабырға шақырмақ болған кезде, күдікті оның сол жақ кеуде тұсына кәуап пісіретін шампур сұғып алған.
Әлібидің әжесінің сөзінше, оқиға болар алдында анасы ұлына хабарласқанда, ол өзін жайсыз сезініп тұрғанын айтып үлгерген. Алайда жасөспірім дәрігерлер келгенше көз жұмған.
Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды. Мектеп әкімшілігі кештің білім ордасынан тыс, ескертусіз ұйымдастырылғанын мәлімдеді. Мектеп директорының айтуынша, соңғы қоңыраудан кейін оқушылар үйлеріне жіберілген, ал ата-аналар мектеп бітіру кешін өткізбейтіні туралы арнайы қолхат жазған.
Соған қарамастан қайғылы оқиғадан кейін мектеп директоры қызметінен босатылды. Директордың орынбасары мен екі сынып жетекшісіне қатаң сөгіс жарияланды.
Полиция күдіктіні анықтап, уақытша ұстау изоляторына қамаған. Сонымен қатар оның заңды өкілдері бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.