Контентке өту

Санжар Боқаев екі айға қамауға алынды: оған қандай айып тағылып отыр?

Санжар Боқаев екі айға қамауға алынды: оған қандай айып тағылып отыр?
ашық дерек

Алматыда ұсталған қоғам белсендісі әрі блогер Санжар Боқаевқа қатысты сот шешімі шықты. Ол алдағы екі айды тергеу изоляторында өткізеді, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Бұл туралы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы хабарлады. Ведомство мәліметінше, Алматы қаласының тергеу соты 19 наурыз күні Боқаевты қамауда ұстау туралы өтінішті санкциялаған.

Тергеу амалдары Қылмыстық кодекстің екі бірдей ауыр бабы бойынша жүргізіліп жатыр:

аса ірі көлемдегі алаяқтық (190-бап, 4-бөлім);

ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу және жою (340-бап, 3-бөлім).

Құзырлы орган таратқан ақпаратқа сәйкес, тергеушілер Санжар Боқаев қоғамда теріс пікір қалыптастыру мақсатында «заңсыз әрекеттерді қолдан жасаған» деген болжам айтып отыр.

Тергеу нұсқасына сай, блогер табысы төмен адамдарды жалдап, оларға ақша беріп, саябақтардағы ағаштарды кестіруге тапсырма берген. Кейін бұл әрекеттерді билікке қарсы ақпарат ретінде әлеуметтік желіде жариялаған деген күдік бар.

Сонымен қатар, ол құрылыс нысандарынан мүлік ұрлауды ұйымдастырып, оны бейнежазбаға түсіріп, жалған ақпарат таратты деп те айыпталуда.

Бұдан бөлек, тергеу органдары белсендіні алаяқтық жолмен аса ірі көлемде қаржы жымқырды деп күдіктенуде.

Еске сала кетейік, Санжар Боқаев 18 наурыз күні Алматы қаласында ұсталған болатын. Желіде оның арнайы жасақ өкілдері тарапынан көліктен күштеп шығарылып, алып кеткен сәті түсірілген видео кең таралып, қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Қазіргі таңда іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Егер тағылған айыптар дәлелденсе, күдікті ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Admin

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты