Атырауда қайын жұртының бірнеше мүшесінің өліміне қатысты айыпталып жатқан Сұлтан Сәрсемалиевтің ісі бойынша сот процесі жалғасуда, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Кезекті сот отырысында сотталушыға қатысты тағы бір азаматтық талап қаралды. Марқұмдардың туысы, нақтырақ айтқанда қайын атасының қарындасы моральдық шығын ретінде 70 миллион теңге өндіруді сұрады.
Сот барысында Сұлтан Сәрсемалиев талапкер сұраған өтемақы сомасымен келіскенін мәлімдеді. Алайда ол қазіргі уақытта мұндай көлемдегі қаражатты төлеуге мүмкіндігі жоқ екенін айтты.
Сотталушының сөзінше, оның атына тіркелген жеткілікті мүлкі мен қаржысы жоқ.
Атышулы іс бойынша сот тергеуі жалғасып жатыр. Өтемақы өндіру мәселесіне қатысты түпкілікті шешім сот үкімімен бірге қабылдануы мүмкін.