Қазақстандық атақты боксшы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев ел боксын дамыту бағытында жаңа қызметке кірісті. Ол Қазақстан бокс федерациясы президентінің бокс дамыту жөніндегі кеңесшісі болып тағайындалды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Жаңа лауазымында Сәпиев ұлттық құрамалардың нәтижесін жақсартуға, боксты жүйелі түрде дамытуға және халықаралық аренада, соның ішінде Олимпиада ойындарында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуге бағытталған жұмыстарды жүргізеді.
Серік Сәпиев – қазақ спорты тарихындағы жарқын тұлғалардың бірі. Ол Олимпиада чемпионы атанып қана қоймай, әлем және Азия біріншіліктерінде бірнеше мәрте топ жарған. Сонымен қатар, боксшылар арасындағы ең беделді марапаттардың бірі – Вэл Баркер кубогының иегері.
Айта кету керек, ол бұған дейін де спорт және мемлекеттік басқару салаларында түрлі жауапты қызметтер атқарып, тәжірибе жинақтаған.
Сонымен қатар, қазақстандық танымал кәсіпқой боксшы Қанат Ислам да жаңа қызметке тағайындалды. Ол 19 жасқа дейінгі ерлер құрамасының үйлестірушісі атанып, жастар құрамасының жұмысын ұйымдастыруға және олардың халықаралық деңгейдегі нәтижелерін арттыруға күш салмақ.
Қанат Ислам кәсіпқой рингте WBA Fedecaribe тұжырымы бойынша чемпион атанған. Ал әуесқой бокста Олимпиада ойындары, әлем чемпионаты және Азия ойындарында жүлделі орындарға ие болған тәжірибелі спортшы.
Еске сала кетейік, бұған дейін Серік Сәпиевтің аты орынбасарымен болған дау-дамайға байланысты ақпараттық кеңістікте жиі аталған болатын. Дегенмен, қазіргі таңда ол жаңа қызметіне кірісіп, отандық бокстың дамуына үлес қосуды жалғастырып жатыр.