Астана қаласында Шерзат Полат қазасына қатысты іс бойынша сотталғандардың кассациялық шағымы қаралд, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Бұған дейін аталған іс бойынша сотталған Азамат Тоқтаубаев пен Дидар Қалиахмет өздерін ақтауды сұрап, жоғары сот сатысына жүгінген болатын.
Сот отырысы онлайн форматта өтті. Дидар Қалиахмет-тің адвокаты Айбек Майыров қылмыс алдын ала келісім арқылы жасалмағанын айтып, бұл жайт сотта дәлелденбегенін жеткізді. Осыған байланысты ол істі қылмыс құрамы болмауына байланысты тоқтатуды сұрады.
Ал Азамат Тоқтаубаев-тың қорғаушысы Гүлмира Бабажанова оның әрекетін Қылмыстық кодекстің ауыр бабынан жеңілірек бөлігіне ауыстыруды, жаза мерзімін қысқартуды және моральдық шығын өтеу міндетінен босатуды өтінді.
Өз кезегінде прокурор Индира Янгалышова сотталғандардың кінәсі толық дәлелденгенін атап өтіп, кассациялық шағымдарды негізсіз деп бағалады. Ол соттан алдыңғы инстанциялар шығарған үкімдерді өзгеріссіз қалдыруды сұрады.
Нәтижесінде, кассациялық алқа төрағасы Артур Наримов бірінші және апелляциялық сот шешімдерін өзгеріссіз қалдырды. Осылайша, Азамат Тоқтаубаев пен Дидар Қалиахмет-тің шағымдары қанағаттандырылмады.