Астанада блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенова ісі бойынша сот процесі күтпеген жағдайға байланысты кейінге қалды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Бүгін айыпталушылар соңғы сөзін айтуы тиіс болған. Алайда отырыс барысында Эльмира Төлегенова сотқа келмей, іс барысы күрт өзгерді. Оның адвокаты Гаухар Айтжанова қорғауындағы азаматшаның денсаулығы нашарлап кеткенін мәлімдеді.
«Жағдайы сот басталардан бір жарым сағат бұрын қиындады. Дәрігер шақыртты, құжаттарды кейін ұсынамыз», — деді қорғаушы.
Алайда сот бұл түсініктемені жеткіліксіз деп тапты. Істі қарап отырған судья Әділбек Баймаханов айыпталушының жағдайын растайтын нақты медициналық құжаттардың ұсынылмағанын атап өтті.
Судья тарапынан нақты талап қойылды: екі сағат ішінде не ресми анықтама әкелу, не Төлегенованы онлайн режимде сотқа қосу қажет. Әйтпеген жағдайда оның келмеуі негізсіз деп танылып, бұл сот процесіне кедергі келтіру ретінде бағаланатыны ескертілді.
Осы жағдайға байланысты сот отырысында екі сағаттық үзіліс жарияланды. Істің әрі қарай қалай өрбитіні алдағы сағаттарда белгілі болмақ.