Контентке өту

Су үнемдеу – агросектордың басты бағыты: технология мен тиімділік қатар дамып келеді

Су үнемдеу – агросектордың басты бағыты: технология мен тиімділік қатар дамып келеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген міндеттерді жүзеге асыру шеңберінде су үнемдеу технологияларын енгізу қарқыны айтарлықтай күшейді. Осы бағыттағы қолдау шаралары да кеңейіп, шаруалардың шығынын өтеу деңгейі 50 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтылды. Ендігі таңда мемлекет су алу инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ суару жүйелерін сатып алып, орнатуға жұмсалатын қаражаттың бір бөлігін субсидиялайды, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Соңғы екі жылда қабылданған шешімдер нақты нәтиже беріп отыр: су үнемдеу технологиялары қолданылатын егіс көлемі жыл сайын шамамен 150 мың гектарға ұлғаюда. 2025 жылдың қорытындысында мұндай алқап көлемі 543,5 мың гектарға жеткен. Өткен жылы өңір шаруалары 11 мың гектар жерге жаңа технология енгізіп, жалпы көрсеткішті 66,5 мың гектарға жеткізді.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаев атап өткендей, қазіргі басты міндет – қолда бар су ресурстарын барынша тиімді пайдалану. Себебі соңғы жылдары су тапшылығы күшейіп, трансшекаралық өзендерге тәуелділік ауыл шаруашылығы өнімінің шығымына әсер етуде. Осы жағдайды ескере отырып, тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиялары белсенді енгізілуде.

Биыл су үнемдеу тәсілдерін тағы 10 мың гектар алқапқа енгізіп, жалпы көлемді 76,6 мың гектарға жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар 11 мың гектар жер 288 ұңғыма арқылы суландырылып жатыр. Ал алдағы үш жылда бұл көрсеткішті 137 гектарға дейін арттыру көзделуде. Талас, Шу және Байзақ аудандарында жерасты суын пайдалану арқылы 43,2 мың гектарды қамтитын пилоттық жоба іске қосылмақ.

Су ресурстары және ирригация министрлігі 62,6 мың гектар алқапта лазерлік тегістеу жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл әдіс егіс алқабын сантиметрлік дәлдікпен тегістеп, судың біркелкі таралуын қамтамасыз етеді әрі ысырапты азайтады. Мұндай тәжірибе Қызылорда облысында тиімділігін дәлелдеп, су шығынын кемінде 20 пайызға қысқартқан.

Ал тамшылатып суару технологиясын 165,8 мың гектарға енгізу көзделген. Бұл тәсіл суды тікелей өсімдік тамырына жеткізіп, тиімділікті арттырады. Нәтижесінде су шығыны 30 пайызға дейін азайып, өнімділік 1,5–2 есеге өседі. Сонымен қатар жаңбырлатып суару көлемін республика бойынша 315,1 мың гектарға жеткізу жоспарланған.

Министрлік мәліметінше, су үнемдеу тек технологиямен шектелмейді. Нұржан Нұржігітов оңтүстік өңірлерге жасаған сапарында су көп қажет ететін дақылдарды қысқарту мәселесін көтерген. Нәтижесінде күріш алқабы 20,2 мың гектарға қысқарды. Бұл шаралар су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған.

Биыл республика бойынша егіс көлемі 23,8 миллион гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға артты. Дегенмен құрылымдық өзгерістер бар: бидай алқабы 12,1 миллион гектарға дейін қысқарса, майлы және мал азықтық дақылдардың үлесі ұлғайған.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдегендей, көктемгі егіс жұмыстары кезең-кезеңімен жүріп жатыр. Қазірдің өзінде 202 мың гектар жерге егін егілген. Тұқым қоры 2,3 миллион тоннаны құрап, техника 90 пайызға дайын. Аграршыларға 402 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінген.

Өңірде дәнді және бұршақты дақылдар 378,3 мың гектарға, майлы дақылдар 44,3 мың гектарға, қант қызылшасы 8,5 мың гектарға орналастырылады. Сонымен қатар көкөніс, картоп және бақша өнімдері де кең көлемде егілмек.

Көктемгі дала жұмыстарына 10,7 мыңға жуық техника тартылып, оның ішінде 5447 трактор жұмыс істейді. Қаржыландыру «Кең дала» және «Кең дала-2» бағдарламалары арқылы жүзеге асып, 7 миллиард теңге қарастырылған. Қазірдің өзінде 149 шаруашылыққа 4,4 миллиард теңге жеңілдетілген несие берілген.

Жалпы алғанда, су үнемдеу технологияларын енгізу, егіс құрылымын оңтайландыру және ресурстарды ұтымды пайдалану – ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына негіз болмақ.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты