Қазақстандық танымал әнші әрі сазгер Нұрлан Еспанов отбасында қуанышты жаңалық. Өнер иесі жуырда тағы да ата атанғалы отыр, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Бұл жағымды хабарды алғашқылардың бірі болып журналист Анна Данченко әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Оның жазуынша, Еспановтар әулеті бұл жаңалықты ерекше ықыласпен қабылдап, алдағы уақытта атап өтуді жоспарлап отыр.
Еске сала кетейік, былтыр әншінің ұлы Олжас шаңырақ көтеріп, дүркіретіп той жасаған еді. Енді жас отбасы араға көп уақыт салмай, тағы бір қуанышпен бөлісіп отыр.
Журналистің айтуынша, бұл жаңалықтың өзіндік символикалық мәні де бар. Себебі дәл осы күн — 31 наурыз — Олжастың сүйіктісіне үйленуге ұсыныс жасаған күнімен тұспа-тұс келеді.
Жас отбасы бұл жаңалықты бастапқыда көпшілікке жария етпеген. Алдымен ата-аналарына тосынсый жасап, қуанышты хабарды торт арқылы жеткізген. Кейін ғана жақын туыстары мен достары біліпті.
Еспановтар әулетінде тағы бір сәбидің дүниеге келуін күткен қуанышты кезең басталды. Тыңдармандары мен жақындары өнер иесіне ақ тілектерін жаудырып жатыр.