Әлемге танымал әнші Светлана Лобода Алматыдағы сапары кезінде жанкүйерлерінің шақыруын қабыл алып, қазақ отбасының үйіне қонаққа барды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Бұған дейін әртіс Threads желісінде оқырмандарынан дәстүрлі тағамнан дәм татып, «қазақша вайб» сезінетін орын сұраған еді. Желі қолданушылары оған ең дәмді бешбармақ мейрамханада емес, үйде дайындалатынын айтып, жаппай қонаққа шақырған.
«Шақырулардан аккаунтым жарылып кете жаздады»
Жаңа жазбасында Лобода барлық шақыруға үлгермегенін, алайда таңды алматылық Дәурен мен Маликаның отбасында өткізгенін айтты.
«Өткен жазбада сіздер ең дәмді беш мейрамханада емес, үйде болатынын айттыңыздар. Менің аккаунтым қонаққа шақырулардан жарылып кете жаздады», – деп жазды әнші.
Әнші отбасының кішкентай мүшесі Дамирмен де тез тіл табысқанын жасырмады.
«Дамир екеуміздің арамызда бір көргеннен махаббат басталды», – деп бөлісті ол.
Қазақтың ұлттық тағамына жоғары баға берді
Қонақжай отбасы әртісті жылқы етінен дайындалған дәстүрлі бешбармақпен қарсы алған. Лобода әсіресе қазының дәміне ерекше тоқталған.
«Міне, біз жылқы етінен жасалған дәмді үй бешбармағын жеп отырмыз! Маған әсіресе қазы қатты ұнады», – деді әнші.
Сондай-ақ ол көрсетілген құрмет үшін алғысын білдіріп, қазақ жанкүйерлеріне ризашылығын жеткізді.
Алматыдағы концерт және жаңа дуэт
Айта кетейік, Светлана Лободаның Алматыдағы концерті 25 сәуірге жоспарланған. Сонымен қатар, әншінің Қайрат Нұртаспен бірлескен жаңа трек дайындап жатқаны да белгілі болды.
Әртіс алдағы уақытта Қазақстандағы сапары туралы жанкүйерлерін хабардар етіп отыруға уәде берді.