Таза Қазақстан республикалық экологиялық акциясы аясында Тараз қаласында тазалық пен экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Мемлекет басшысының қолдауымен қолға алынған бұл бастама қала тұрғындарын қоршаған ортаны қорғауға және туған жердің тазалығына жауапкершілікпен қарауға үндейді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Өткен жылы қала аумағында ұйымдастырылған сенбіліктерге 100 мыңға жуық тұрғын қатысып, нәтижесінде 6500 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық шығарылды. Бұл көрсеткіш тараздықтардың экологиялық акцияға белсенді атсалысып, қаланың көркеюіне өз үлесін қосып отырғанын айқын көрсетеді.
Қаладағы санитарлық жағдайды жақсарту мақсатында қоқыс тастауға арналған алаңшаларды жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. 2025 жылы 138 алаңша жаңартылып, заманауи талаптарға сай ретке келтірілді.
Ал биыл бұл жұмыстар одан әрі жалғасып, 150 қоқыс алаңшасын жаңарту жоспарланған. Жаңартылған алаңшалар қала келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындарға тұрмыстық қалдықтарды дұрыс орналастыруға қолайлы жағдай жасайды.
Мұндай бастамалар Қазақстан бойынша экологиялық мәдениетті нығайтып, тұрғындардың табиғатқа жанашыр көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді. Таза әрі көрікті қала – әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі.