Контентке өту

Таразда кәсіпкерлік қарқынды дамуда: 44 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеуде

Таразда кәсіпкерлік қарқынды дамуда: 44 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеуде

Шағын және орта кәсіпкерлік – қаланың экономикалық өсімін қамтамасыз ететін, жаңа жұмыс орындарын құрып, халықтың табысын арттыратын негізгі салалардың бірі. Бүгінде Тараз қаласында кәсіпкерлікті қолдау бағытында мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері тиімді жүзеге асырылып келеді. Соның нәтижесінде кәсіпкерлік субъектілерінің саны артып, өндірілетін өнім көлемі ұлғайып, қала экономикасының дамуына қосып отырған үлесі жыл сайын артып келеді, деп хабарлайды baq-orda.kz.

2026 жылдың қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша Тараз қаласында 44 073 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Бұл кәсіпорындарда 77 912 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жұмыспен қамтылғандар саны 7,8 пайызға өсіп отыр. Бұл кәсіпкерлік саласының еңбек нарығындағы маңызы артып, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етудегі рөлінің күшейгенін көрсетеді.

Кәсіпкерлік субъектілерінің өндірген өнім көлемі де айтарлықтай ұлғайды. Есепті кезеңде бұл көрсеткіш 663 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,1 пайызға артты. Бұл өсім қалада өндіріс көлемінің ұлғайып, жаңа бизнес бастамалардың көбейгенін және мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін айқын дәлелдейді.

Экономикалық белсенділіктің артуы сауда саласының дамуына да оң ықпалын тигізуде. Биылғы жылдың қаңтар-мамыр айларында бөлшек сауда айналымы 156,7 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,9 пайызға өсті. Ал көтерме сауда айналымы 120 миллиард теңгеге жетіп, 0,2 пайыздық өсім көрсетті. Бұл көрсеткіштер қаладағы тұтынушылық сұраныстың тұрақты екенін және іскерлік белсенділіктің сақталғанын аңғартады.

Сауда инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары да жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Бекітілген жол картасына сәйкес бүгінгі таңда «Нұралы», «Салтанат» және «Якка сарай» базарларын жаңғырту жұмыстары толық аяқталды. Ал «Жібек жолы» базарында қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. Бұл жұмыстардың нәтижесінде кәсіпкерлер үшін қолайлы әрі заманауи сауда алаңдары қалыптасып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсету мүмкіндігі кеңейіп келеді.

Қаланың кәсіпкерлік және сауда саласындағы оң көрсеткіштері экономиканың тұрақты дамуының айқын көрінісі болып табылады. Алдағы уақытта мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану, инвестиция тарту және сауда инфрақұрылымын жаңғырту арқылы кәсіпкерліктің көкжиегі одан әрі кеңейіп, жаңа жұмыс орындарының саны артып, Тараз қаласының экономикалық әлеуеті нығая түспек.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты