Тараз қаласында автоматтандырылған микроклимат бақылау жүйесімен жабдықталған заманауи көкөніс сақтау қоймасы пайдалануға берілді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Жаңа нысанның жұмысымен Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен қала әкімі Бақытжан Орынбеков арнайы танысты.
«TRZ Agro» ЖШС-нің агроөнеркәсіптік аймағында орналасқан жоба инвесторлардың қаржысы есебінен жүзеге асырылған. Заманауи технологиялармен қамтылған қойма бір мезетте 12 мың тоннаға дейін ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға мүмкіндік береді.
Нысанда өнім сапасын ұзақ уақыт бойы сақтауға барлық жағдай қарастырылған. Автоматтандырылған микроклимат жүйесі температура мен ылғалдылық көрсеткіштерін тұрақты бақылап, өнімнің бүлінбей сақталуын қамтамасыз етеді.
Жобаның іске қосылуы нәтижесінде 20 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар бұл нысан бүгінде Жамбыл облысындағы ең ірі көкөніс сақтау қоймасы саналады.
Сапар барысында өңір басшысы агроөнеркәсіптік аймақта салынып жатқан терең, үздіксіз және ағынды ет өңдеу кешенінің құрылысымен де танысты. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстарының 80 пайызы аяқталған.
Жобалық қуаттылығы жылына 7 мың тоннадан асатын кешен пайдалануға берілгеннен кейін 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда. Кәсіпорында мал сою, етті бөлшектеу, шұжық өнімдерін өндіру, консервілеу, сондай-ақ үй жануарлары мен балықтарға арналған азық шығару бағытындағы бірнеше цех жұмыс істейтін болады.
Агроөнеркәсіптік аймақта жүзеге асырылып жатқан тағы бір ірі жоба – жыл бойы өнім өндіруге мүмкіндік беретін заманауи жылыжай кешені. Оның өндірістік қуаттылығы жылына 1 536 тонна өнім шығаруға есептелген. Жылыжай жоғары технологиялық жабдықтармен, тамшылатып суару жүйесімен, тұман қалыптастыру және климатты басқару технологияларымен толық қамтамасыз етілген.
Әрбір нысанның жұмысымен мұқият танысқан Ербол Қарашөкеев аталған жобалардың өңір экономикасы үшін маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай заманауи өндіріс орындары облыстың инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті дамытуға және өңір экономикасының тұрақты өсіміне серпін береді.