Контентке өту

Таразда оқушы әкесін сотта жеңді: алиментті азайтпақ болған әрекет әшкереленді

Таразда оқушы әкесін сотта жеңді: алиментті азайтпақ болған әрекет әшкереленді
ашық дерек

Тараз қаласында 11-сынып оқушысы өз әкесіне қарсы сотта жеңіске жетті. Бұл іс алимент мөлшерін төмендетуге бағытталған түрлі әрекеттердің қалай әшкереленгенін көрсеткен ерекше жағдай ретінде назар аудартты, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Іс материалдарына сәйкес, мектеп оқушысы ай сайын 68 мың теңге көлемінде оқу ақысын төлейді. Алайда оның барлық шығындарын осы уақытқа дейін бірге тұратын әжесі көтеріп келген. Қыздың анасы мен ағасы 2018 жылы өмірден өткен.

Сот барысында белгілі болғандай, 2008 жылы әкесі екі баласына қатысты ата-ана құқықтарынан бас тарту жөнінде нотариалды түрде арыз жазған. Сол уақыттан бері ол қызымен байланыс орнатпаған, материалдық көмек көрсетпеген. Тіпті қызы көмек сұрағанда, оның байланыс нөмірін бұғаттап тастағаны да айтылды.

Даулы іс қаралған кезде әке алимент төлемін азайту үшін түрлі амалдарға барған. Атап айтқанда, кәсіпкерлік қызметін жапқан және бірден төрт балаға әкелікті рәсімдеген. Сот бұл әрекеттерді алимент мөлшерін жасанды түрде төмендетуге бағытталған айла ретінде бағалады.

Нәтижесінде, Тараз қалалық соты әкені ай сайын 17 айлық есептік көрсеткіш (66 844 теңге) көлемінде алимент төлеуге міндеттеді. Ал Жамбыл облыстық соты бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды.

Осылайша, сот шешімі бойынша әке қызы мектепті тәмамдағанға дейін белгіленген соманы тұрақты түрде төлеуге міндетті. Бұл іс қоғамда ата-аналық жауапкершілік мәселесін тағы бір мәрте күн тәртібіне шығарды.

Admin

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты