Жамбыл облысының полиция департаменті "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында Тараз қаласындағы Mart сауда орталығында тұрғындармен ашық кездесу өткізді.
Іс-шараға департаменттің барлық негізгі қызметтерінің өкілдері қатысып, азаматтардың сауалдарына жауап берді. Тұрғындар интернет-алаяқтық, жол қауіпсіздігі, қоғамдық тәртіп, көші-қон заңнамасы, әкімшілік құқық бұзушылықтар және басқа да өзекті мәселелер бойынша сала мамандарынан кеңес алды. Сонымен қатар өз өтініштері мен ұсыныстарын жеткізді.
Кездесу барысында интернет-алаяқтықтың алдын алуға ерекше назар аударылды. Полицейлер тұрғындарға алаяқтардың жиі қолданатын айла-тәсілдерін түсіндіріп, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеуге, жеке және банк деректерін бөгде адамдарға бермеуге, сондай-ақ белгісіз сілтемелерге өтпеуге шақырды.
Тәртіп сақшылары кез келген күмәнді жағдайда асығыс шешім қабылдамай, ақпаратты мұқият тексерудің маңыздылығын ескертті.
Мұндай ашық форматтағы кездесулер полиция мен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және азаматтардың мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік береді.
Полиция тұрғындарды өз құқықтары мен міндеттерін білуге, құқық бұзушылықтың алдын алуға белсенді атсалысуға және интернет кеңістігінде қырағылық танытуға шақырады.