Тараз қаласында қайғылы оқиға орын алды. Ер адам өз-өзіне қол жұмсамақ болып, оқиға соңы оның өлімімен аяқталды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Оқиға Ұлы Дала шағын ауданында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, жедел жәрдем қызметіне 51 жастағы ер адамның өзіне қол салуға әрекет жасап жатқаны туралы хабар түскен. Қоңырау шалушылар оның психоневрологиялық есепте тұрғанын жеткізген.
Оқиға орнына бірден психиатриялық бригада жіберілді. Алайда, келген мамандар ер адамның бесінші қабаттағы пәтерінде қамалып алғанын анықтаған. Осыған байланысты қосымша полиция қызметкерлері мен құтқарушылар шақыртылды.
Мамандар ер адамды сабырға шақырып, келіссөз жүргізуге тырысқанымен, ол агрессия танытып, есікті ашудан бас тартқан. Кейін құтқарушылар пәтерге автосаты арқылы балконнан кіру туралы шешім қабылдаған. Бұл уақытта төменгі жақта арнайы қорғаныс жабыны (полог) керілген.
Алайда, құтқарушылар балконға жақындаған сәтте ер адам кенеттен төменге секіріп кеткен. Құтқарушылар оны қағып үлгергенімен, құлау күшін толық бәсеңдете алмаған.
Салдарынан ер адам ауыр жарақаттар алған. Атап айтқанда, ашық бас-ми жарақаты, ми соққысы және мойын омыртқаларының жабық сынуы тіркелді. Ол оқиға орнында көз жұмды.
Қазіргі уақытта аталған жағдайдың мән-жайы анықталуда.