Тұрғын үй құрылысы – халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға және азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі. Осы бағыттағы жұмыстар Тараз қаласында жүйелі түрде жалғасып келеді. Қалада жаңа тұрғын аудандары бой көтеріп, көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы қарқын алып, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым кеңейтілуде. Сонымен қатар әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды баспанамен қамту және жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдерін беру бағытындағы жұмыстар да кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр,, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Есепті кезеңнің қорытындысы бойынша Тараз қаласында орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 27,4 миллиард теңгені құрады. Ал пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 116,3 мың шаршы метрге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім көрсетті. Бұл құрылыс саласының тұрақты дамып келе жатқанын және тұрғын үй қорының жыл сайын ұлғайып отырғанын білдіреді.
Қалада тұрғын үйге деген сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Қазіргі таңда тұрғын үй кезегінде 32 мыңнан астам азамат тіркелген. Салыстырмалы түрде айтқанда, 2022 жылы кезекте тұрғандар саны 22 860 адамды құраса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 23 724 адамға жетті. Ал 2024 жылдың қорытындысында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар саны 30 468 адамға дейін өсіп, биыл 32 мыңнан асты. Бұл халық санының көбеюімен қатар тұрғын үйге деген қажеттіліктің де артып отырғанын көрсетеді.
Бүгінде Тараз қаласында бюджеттік кредиттер есебінен 62 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл үйлердің барлығы пайдалануға берілгеннен кейін «Отбасы банкі» арқылы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға жеңілдетілген несие шарттарымен ұсынылады. Жобаны іске асыру нәтижесінде мыңдаған отбасының баспаналы болуына мүмкіндік жасалып, тұрғын үй мәселесін кезең-кезеңімен шешуге жол ашылады.
Жаңа тұрғын аудандарын дамыту бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. «Ұлы Дала» шағын ауданында қазіргі уақытта 11 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның екеуі пайдалануға беріліп, тұрғындар жаңа пәтерлеріне қоныстана бастады. Қалған тоғыз тұрғын үйді жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жалпы бұл үйлерде 698 пәтер қарастырылған.
«Шапағат» шағын ауданында өткен жылдан өтпелі төрт тұрғын үйдің құрылысы жалғасып жатыр. Олар пайдалануға берілгеннен кейін 180 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізеді. Сонымен қатар осы шағын ауданда жалпы саны 1200 пәтерді құрайтын 30 көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Бұл алдағы жылдары қала тұрғындарын баспанамен қамту көрсеткішін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді.
Қаладағы тағы бір ірі құрылыс алаңы – «Балауса» шағын ауданы. Мұнда қазіргі таңда 17 тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Барлық жоба толық аяқталғаннан кейін тұрғындар игілігіне қосымша 600 жаңа пәтер беріледі. Осылайша Таразда инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтылған заманауи тұрғын үй кешендері көбейіп, жаңа тұрғын аудандары қалыптасып келеді.
Әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де ерекше бақылауда. Биыл тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға 180 пәтер сатып алу үшін республикалық және жергілікті бюджеттен 2,5 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат көпбалалы отбасыларды, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды, жетім балаларды және өзге де әлеуметтік осал топтарды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған.
Жеке тұрғын үй салуға ниетті азаматтарды жер телімдерімен қамту жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Осы мақсатта Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алқаптан 46,4 гектар және «Хамукат» тұрғын алқабынан 125 гектар жер мемлекет қажеттілігі үшін қайтарылып, қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізілуде. Қазіргі уақытта бұл аумақтарда электр энергиясы, ауыз су, табиғи газ және автомобиль жолдарының желілерін тарту жұмыстары атқарылып жатыр.
Инженерлік желілердің құрылысы толық аяқталғаннан кейін «Хамукат» тұрғын алқабынан 524 жер телімі, ал Асқаров көшесінің соңындағы жаңа тұрғын алқаптан 341 жер телімі тұрғын үй құрылысы үшін кезекте тұрған азаматтарға беріледі. Бұл шаралар жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға, жаңа тұрғын массивтердің қалыптасуына және жер теліміне деген сұранысты төмендетуге ықпал етеді.
Жалпы, Тараз қаласында жүзеге асырылып жатқан тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылымды дамыту жобалары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беруде. Жаңа тұрғын үйлердің бой көтеруі, инженерлік желілердің жаңартылуы, әлеуметтік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуы және тұрғын үй құрылысының қарқыны халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесін көрсетеді.