Контентке өту

Таразда халықаралық стандарттарға сай екі қонақ үй салынып жатыр

Таразда халықаралық стандарттарға сай екі қонақ үй салынып жатыр

Тараз – Қазақстандағы ең көне қалалардың бірі әрі тарихи-мәдени мұрасы мол туристік орталықтардың қатарында. Мыңжылдық тарихы, сәулет ескерткіштері мен бірегей мәдени құндылықтары жыл сайын қалаға келетін туристердің қызығушылығын арттыруда. Осыған байланысты Таразда туризм инфрақұрылымын дамыту, сервистік қызмет сапасын көтеру және халықаралық талаптарға сай туристік нысандарды көбейту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Бүгінде қалада туристерге қызмет көрсететін 28 туристік ұйым, 123 орналастыру орны және 9 негізгі туристік нысан жұмыс істейді. Қонақ үйлердің, демалыс орындарының және туристік қызметтердің жыл сайын жаңаруы өңірдің туристік әлеуетін арттырып, келушілер үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік беруде.

Жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстардың нәтижесінде туристер саны да тұрақты өсіп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Тараз қаласына 117 702 турист келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 пайызға жоғары көрсеткіш. Туристік ағынның артуы тарихи шаһардың ішкі және халықаралық деңгейдегі тартымды туристік бағыттардың біріне айналып келе жатқанын көрсетеді.

Туризм саласын жаңа деңгейге көтеру мақсатында қалада ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта халықаралық стандарттарға сай 120 бөлмелі «Hilton» және 110 бөлмелі «Sheraton» қонақ үй кешендерінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл жобалар пайдалануға берілгеннен кейін Тараздың халықаралық деңгейдегі туристерді қабылдау мүмкіндігі айтарлықтай кеңейіп, қонақжайлық индустриясының қызмет көрсету сапасы жаңа деңгейге көтеріледі.

Сонымен қатар қалада экологиялық туризмді дамытуға да ерекше назар аударылуда. Қала маңындағы демалыс аймақтарының саны артып, табиғат аясында тынығуға арналған жаңа туристік нысандар кезең-кезеңімен пайдалануға берілуде. Мұндай жобалар өңір тұрғындары мен қонақтарына қолайлы демалыс орындарын ұсынумен қатар, табиғи туризмді дамытуға серпін береді.

Туризм инфрақұрылымын жаңғырту және халықаралық брендтердің келуі Тараздың инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, қызмет көрсету саласының дамуына және жергілікті экономиканың жандануына оң ықпал етеді. Алдағы жылдары жүзеге асырылып жатқан жобалардың нәтижесінде Тараздың Орталық Азиядағы тарихи және мәдени туризмнің маңызды орталықтарының біріне айналуына берік негіз қалануда.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты