Тараз қаласында абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары жаңа Үлгілік қағидалардың талаптарына сәйкес жүйелі түрде жүргізілуде. Қалалық ортаның санитариялық тазалығын қамтамасыз етумен қатар, жасыл желектерді көбейтуге, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға және тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастыруға басымдық берілуде.
Осы бағыттағы негізгі жобалардың бірі – «Жасыл белдеу» бағдарламасы. Бағдарлама аясында қала аумағына 75 мың ағаш отырғызылды. Бұл жұмыстар қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға, жасыл аймақтардың көлемін ұлғайтуға және қалалық ортаның эстетикалық келбетін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, күз мезгілінде тағы 10 мың ағаш отырғызу жоспарланып отыр.
Жасыл желектерді көбейту жұмыстары абаттандырудың басқа бағыттарымен де қатар жүргізілуде. Қала аумағындағы саябақтар, скверлер мен қоғамдық орындарды күтіп-ұстау жұмыстарына тұрақты көңіл бөлінеді. Қазіргі таңда 7 саябақ, 77 сквер, 2 монумент және 1 орталық алаңның санитариялық тазалығы қамтамасыз етіледі.
Қаланың жасыл инфрақұрылымын дамытуда су арналарының маңызы ерекше. «Ұлы дала» шағын ауданында «Түйте» каналының 1,7 шақырым аумағын абаттандыру жұмыстары аяқталды. Алдағы уақытта «Үшбұлақ» және «Қарасу-2» каналдарын абаттандыру жоспарланып отыр. Бұл аумақтарда саябақтар, спорт алаңдары және аға буын өкілдеріне арналған демалыс орындарын қалыптастыру көзделген.
Қаланың тазалығы да көгалдандыру жұмыстарымен қатар жүреді. «Жасыл Ел – Тараз» мекемесінің 478 қызметкері, сондай-ақ Әулиеата және Жібек жолы аудандарына бөлінген 189 жұмысшы көшелерді, жаяу жүргіншілер жолдарын және ортақ пайдаланылатын орындарды тұрақты түрде тазалайды. Жұмыстарға 60 бірлік арнайы техника жұмылдырылған.
Таразда күн сайын орта есеппен 160 тонна тұрмыстық қатты қалдық жиналып, арнайы полигонға шығарылады. Қаланың тазалығын қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылы 138 қоқыс алаңы жаңартылса, 2026 жылы тағы 150 алаңды жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
Жаңа Үлгілік қағидалар абаттандыруға деген көзқарасты да өзгертеді. Енді басты міндет тек тазалықты сақтау емес, қауіпсіз, жайлы, заманауи және эстетикалық тартымды қалалық орта қалыптастыруға бағытталады. Бұл ретте жасыл желектерді сақтау және көбейту, қоғамдық кеңістіктерді дамыту, жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын жақсарту және тұрғындарға қолайлы демалыс орындарын қалыптастыру маңызды бағыттардың бірі болып отыр.
Тараздағы «Жасыл белдеу» бастамасы осы талаптардың іс жүзіндегі көрінісіне айналуда. Ағаш отырғызу, канал жағалауларын абаттандыру, саябақтар мен скверлерді күтіп-ұстау және қоғамдық кеңістіктерді дамыту жұмыстары қаланың экологиялық әрі сәулеттік келбетін жақсартуға мүмкіндік береді.
Жасыл желек – қаланың көркі ғана емес, оның экологиялық тұрақтылығы мен тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін маңызды инфрақұрылым. Сондықтан Таразда жасыл аймақтарды көбейту жұмыстары алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасын табады.