Контентке өту

ТАРИХИ МҰРАНЫ ҚОРҒАУДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ НЕГІЗІ: ЖАМБЫЛДАҒЫ ЕСКЕРТКІШТЕРДІ ЕСЕПКЕ АЛУ ЖҰМЫСТАРЫ

ТАРИХИ МҰРАНЫ ҚОРҒАУДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ НЕГІЗІ: ЖАМБЫЛДАҒЫ ЕСКЕРТКІШТЕРДІ ЕСЕПКЕ АЛУ ЖҰМЫСТАРЫ

Тарихи-мәдени мұра – белгілі бір дәуірдің ғана емес, тұтас қоғамның тарихи жадын сақтайтын құндылық. Археологиялық ескерткіштер, көне қалашықтар, петроглифтер мен сәулет нысандары өткен кезеңдер туралы нақты дерек беріп, ұлттың тарихи санасын қалыптастыруға қызмет етеді. Алайда мұндай нысандарды сақтау тек оларды анықтап, тізімге енгізумен шектелмейді. Ескерткіштің нақты орналасқан жері, аумағы мен құқықтық мәртебесі айқындалмайынша, оны ұзақ мерзімді қорғау тетігі де толық қалыптаспайды.

Осы тұрғыдан алғанда, Жамбыл облысында тарихи-мәдени мұра нысандарын құқықтық тұрғыдан бекіту мәселесі өзекті бағыттардың бірі болып отыр.

Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» КММ 2004 жылдан бері өңірдегі тарихи нысандарды анықтау, есепке алу, зерттеу және қорғау жұмыстарын жүргізіп келеді. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстың маңызды бөлігі ескерткіштердің жер учаскелерін заң талаптарына сәйкес рәсімдеуге бағытталған.

Ескерткіштің мәртебесін бекіту не үшін маңызды?

Қазіргі таңда Жамбыл облысында 3471 тарихи-мәдени мұра нысаны бар. Оның 735-і жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіш ретінде мемлекеттік тізімге енгізілген.

Алайда мемлекеттік тізімде болуы нысанның барлық құқықтық мәселесі толық шешілді дегенді білдірмейді. Мәселен, 735 ескерткіштің 302-сіне тұрақты жер пайдалану құқығын растайтын мемлекеттік актілер әзірленген. Ал 433 нысан бойынша мұндай құжаттарды рәсімдеу әлі де қажет.

Бұл сандар тарихи мұраны қорғауда есепке алу мен құқықтық бекітудің өзара тығыз байланысты екенін көрсетеді. Ескерткіштің нақты шекарасы белгіленіп, кадастрлық құжаттары рәсімделсе ғана оның аумағын басқа мақсатта пайдалану немесе тарихи нысанға зиян келтіру тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік артады.

Сондықтан 2026 жылы жерге орналастыру құжаттарын әзірлеу, кадастрлық жоспарларды жасау және ескерткіштердің шекараларын нақтылау жұмыстарына басымдық беріліп отыр.

Саннан сапаға көшу қажет

Жамбыл облысындағы 3471 тарихи-мәдени мұра нысаны – өңірдің тарихи әлеуетінің ауқымын көрсететін маңызды көрсеткіш. Бірақ мұнда басты мәселе нысандардың санында ғана емес, олардың қаншалықты тиімді қорғалып отырғанында.

Сондықтан алдағы кезеңде үш бағыттың өзара байланысын күшейту маңызды: нақты есеп, құқықтық қорғау және тұрақты мониторинг.

Біріншісі – әрбір нысан туралы толық әрі өзекті мәлімет қалыптастыру. Екіншісі – оның жер учаскесін және қорғау аумағын заң жүзінде бекіту. Үшіншісі – ескерткіштің физикалық жағдайын тұрақты бақылау.

Бұл үш тетік қатар жұмыс істеген жағдайда ғана тарихи мұраны ұзақ мерзімді сақтауға мүмкіндік туады.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты