Соңғы күндері әлеуметтік желіде «Сәкеңнің тоқалы» деген атпен танылған келіншектің оқиғасы қызу талқыланып жатыр. TikTok-та тікелей эфирге шығып, токалдық өмір туралы әңгіме айтқан әйел күтпеген жерден полицияның назарын аударған, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Барлығы парақша атауынан басталған. Келіншек өзін «Сәкеңнің тоқалы» деп таныстырып, бірнеше күн бойы эфир жүргізген. Бірақ желі қолданушылары бұл атауды белгілі әнші Сәкен Майғазиев есімімен байланыстырып, видеоларды оған дейін жеткізген.
Келіншектің айтуынша, жағдай күтпеген жерден ушығып кеткен:
«Таңертең тұрсам, үйіме полиция келіп тұр. "Кеше эфирде Майғазиевтің тоқалымын дедіңіз" дейді. Мен ондай сөз айтқан жоқпын», – дейді ол.
Ол өзінің «Сәкеннің» емес, «Сәкеңнің» тоқалы екенін жазғанын айтып, көпшіліктің шатастырып алғанына реніш білдірді.
Мәселені анықтау үшін келіншек полицияға шақырылған. Сол жерде ол Сәкен Майғазиев және оның жұбайымен бетпе-бет кездескен.Екі тарап та бір-бірін танымай шыққан. Бұл жағдайдың өзі бәрін таңғалдырған.Түсініспеушілік анықталғаннан кейін, тараптар ешқандай дау шығармай, қол алысып, күлісіп тарасқан. Келіншек бұл жағдайдың тек атауға байланысты болғанын тағы да атап өтті.
Бұл оқиға — әлеуметтік желідегі бір ғана сөздің қалай үлкен дау тудыра алатынын көрсететін мысал. Бір әріптің айырмашылығы бүкіл елді шулатты.