Қазақстандық әнші Меруерт Түсіпбаева мен журналист Ләйлә Сұлтанқызы арасында қызу пікірталас туындады. Даудың өзегі — өнер адамдарын есірткіге тексеру туралы ұсыныс, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Меруерт Түсіпбаева бұл бастаманы қатаң сынға алып, қоғамда бұдан да өзекті мәселелер жетерлік екенін айтты. Әнші журналистердің назарын тек өнер иелеріне аударуын әділетсіз деп санайды.
«Өнер адамдарына неге тисе бересіңдер? Басқа мәселе жоқ па? Неге тек әртістерді ғана талқылай бересіңдер?» - деген сарында пікір білдірді ол.
Ал Ләйлә Сұлтанқызы өз кезегінде бұл ұсыныстың ауқымы кең екенін алға тартты. Оның айтуынша, мәселе тек әртістерде емес, қоғамға ықпал ететін барлық танымал тұлғаларда.
«Бұл тек өнер адамдарына бағытталған бастама емес. Әңгіме — жастарға әсер ететін тұлғалардың жауапкершілігі туралы», - деп жауап берді журналист.
Алайда Меруерт Түсіпбаева өз ұстанымынан таймай, егер тексеріс болса, ол барлық салаға бірдей жүргізілуі тиіс екенін атап өтті.
Бұл тартыс әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Бірі журналист пікірін қолдаса, енді бірі әншінің уәжін дұрыс деп санайды. Даулы мәселе әлі де қоғамда нақты шешімін тапқан жоқ.