Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әкімшілік сот төрелігінің елдегі құқықтық жүйені жетілдірудегі маңызын атап өтіп, бұл институттың қоғам тарапынан сенімге ие бола бастағанын мәлімдеді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Президенттің айтуынша, әкімшілік істер бойынша қалыптасқан сот тәжірибесі мемлекеттік аппарат жұмысының сапасын бағалайтын маңызды көрсеткішке айналды.
– Әкімшілік істер бойынша сот тәжірибесі мемлекеттік аппарат жұмысының сапасын айқындайтын сынақ болды. Оның нәтижесі сотқа деген сенімнің арта түскенін көрсетті. Әкімшілік әділеттің рөлі нығайып келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір азаматтардың сот шешімдеріне көңілі толмай, наразылық білдіретін жағдайлар кездесетінін айтты. Алайда мұндай шағымдардың басым бөлігі көбіне субъективті көзқарас пен эмоцияға негізделетінін жеткізді.
Президент кез келген пікір мен шағым мұқият тексеріліп, әділ бағалануы тиіс екенін атап өтті.
Осыған байланысты жаңа Конституцияда әкімшілік сот төрелігін сот ісін жүргізудің дербес нысаны ретінде бекіту маңызды қадам болғанын айтты.
Мемлекет басшысының сөзінше, қазіргі таңда сотқа жүгінудің ескі үлгісінен бас тартып, сот ісін жүргізу тәуекелдерін стратегиялық басқару тетіктеріне көшу мәселесі қарастырылып жатыр. Үкімет бұл бағытта қажетті ережелерді әзірлеген.
- Енді орталық және жергілікті деңгейде әкімшілік актілер мен рәсімдердің бірізділігін қамтамасыз ету қажет. Бұрын қаралған шағымдар мен өтініштер кейін қайтадан соттағы дау-дамайға айналмауы тиіс. Әкімшілік тәжірибенің жүйелілігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету маңызды, – деді Президент.
Сонымен қатар жария құқықтық сипаттағы дауларды әкімшілік сот төрелігі аясында қарау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқаны айтылды. Былтыр бұл бағытқа қосымша құқықтық-нормативтік актілердің заңдылығын тексеруге қатысты істер де енгізілген.
Мемлекет басшысы әкімшілік әділет институтын одан әрі дамыту азаматтардың құқықтарын тиімді қорғауға және мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен жауапкершілігін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.