Контентке өту

Тоқаев: Алтын Орданың қуаты оның тиімді мемлекеттік басқару жүйесіне негізделді

Тоқаев: Алтын Орданың қуаты оның тиімді мемлекеттік басқару жүйесіне негізделді

Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиумда сөйлеген сөзінде Жошы ұлысының мемлекеттік басқару жүйесін жан-жақты зерттеудің маңызын атап өтті.

Президенттің айтуынша, Жошы ұлысы дәуірлеп тұрған кезеңде оның аумағы 6 миллион шаршы шақырымға дейін жеткен. Бұл көрсеткіш тіпті Рим империясы ең қуатты кезеңіндегі аумақтан да ауқымды болған. Осыған байланысты кейбір тарихшылар Алтын Орданы «Дала Римі» деп атайды.

Мемлекет басшысы алып мемлекеттің күші оның жер көлемінде емес, берік институционалдық негізінде жатқанын айтты. Жошы хан ұрпақтары бірнеше ғасыр бойы Ұлы даладағы әртүрлі мемлекеттік құрылымдарға басшылық етіп, тұрақты әрі өміршең саяси жүйе қалыптастырды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, Алтын Орда дәуірінде дала заңы мен ислам құқығы үйлесім тапты. Қоғамдық тәртіп Түрік қағанаты құқықтық мәдениеті мен Шыңғыс хан қабылдаған «Ұлы жасақ» қағидаттарына сүйенді. Соның арқасында империя аумағында адамның және оның мүлкінің қауіпсіздігі қамтамасыз етілді.

Президент Алтын Ордада дамыған іс жүргізу жүйесі болғанын және Құрылтай маңызды саяси тетік ретінде қызмет атқарғанын атап өтті. Мемлекеттік аппарат пен әскерде қатаң тәртіп, меритократия және кәсібилік қағидаттарына басымдық берілді. Бұл әртүрлі этнос пен дін өкілдеріне мемлекет басқару ісіне қатысуға кең мүмкіндік ашты.

Мемлекет басшысының айтуынша, тиімді ішкі және сыртқы саясаттың арқасында Алтын Ордада тұрақтылық сақталып, мемлекет өркендей түсті. Бұл кезеңде Алтын Орда Мысыр мәмлүктерімен, Ватикан, Византия империясы, Осман империясы және Еуропа елдерімен тығыз дипломатиялық байланыс орнатты.

Президент «Ұлы дүрбелең» деп аталатын саяси дағдарыс кезеңінде де Алтын Орданың басқару жүйесі тұрақтылығын жоғалтпағанын айтты. Оның пікірінше, бұл мемлекеттік модель кейін Еуразия кеңістігіндегі көптеген елдердің басқару тәжірибесіне ықпал етті.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты