Контентке өту

Тоқаев Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваны қабылдады

Тоқаев Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваны қабылдады
ашық дерек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваны қабылдап, елімізде бала құқықтарын қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелерімен танысты, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Кездесу барысында Динара Зәкиева Президентке биыл қабылданған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы туралы баяндады. Құжатта денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау және қауіпсіздік салаларындағы бала құқықтарын қамтамасыз ету шаралары жүйеленген.

Сондай-ақ бес жылға арналған іс-қимыл жоспары әзірленген. Онда балалардың құқықтарын қорғау мен әлеуметтік қолдауды күшейтуге бағытталған 158 нақты шара қамтылған.

Уәкілдің айтуынша, облыс әкімдіктерінде Балалар құқығын қорғау басқармаларын құру жұмыстары аяқталып, олардың құзыреті ұлттық заңнамада бекітілген. Қазіргі уақытта қажетті ұйымдастыру рәсімдері жүргізіліп жатыр.

Бұдан бөлек, биыл тоғыз өңірде мониторинг жүргізіліп, балалардың психологиялық саулығын қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстардың сапасы зерделенген.

Кездесуде психологиялық қолдау орталықтарының жұмысы мен психологиялық саламаттылықты анықтаудың бірыңғай бағдарламасын енгізу мәселесі де талқыланды. Бұл бастама ерекше назар мен қолдауды қажет ететін балаларға жүйелі көмек көрсетуге мүмкіндік берген.

Динара Зәкиева 111 мемлекеттік байланыс орталығының жұмысына да тоқталды. Оның айтуынша, мектептерде енгізілген QR-111 жүйесі балалармен тікелей байланыс орнатуға және олардың құқықтарының бұзылу фактілерін анықтауға ықпал етіп отыр. 2024 жылдың қазан айынан 2026 жылдың маусымына дейін балалардан 167 мың хабарлама мен 4523 қоңырау келіп түскен.

Сонымен қатар балаларға арналған инфрақұрылымды дамыту, әсіресе ауылдық жерлердегі нысандарды жақсарту, ата-аналарды қолдау және олардың бала қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілігін арттыру мәселелері қаралды.

Кездесу қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын тиімді жүзеге асыру үшін Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің, Үкіметтің және жергілікті атқарушы органдардың күш-жігерін үйлестірудің маңыздылығын атап өтті.

Admin

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты