Алматыда өткен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды халықаралық технологиялық және инвестициялық хабқа айналдыру үшін барлық қажетті жағдай жасалып жатқанын айтты, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Мемлекет басшысы бұл бағытта көші-қон үдерістерін оңтайландыру мен цифрлық басқару жүйесін жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Президенттің айтуынша, елімізге әлемнің әр түкпірінен білікті мамандар мен инвесторларды тарту үшін қолайлы орта қалыптастыру маңызды.
– Қазақстанды жайлы аймақтық хаб ретінде таныту үшін көші-қон үдерістері оңтайландырылып жатыр. Оның бәрі толық цифрлық форматқа көшіріледі. Таяуда қолданысқа енгізілген «Алтын виза» осы бағыттағы елеулі шешімдердің бірі болды, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің сөзінше, «Алтын виза» иелері Қазақстанда ұзақ уақыт резидент бола алады. Сонымен қатар олар артық әкімшілік рәсімдерден босатылып, бірқатар салықтық жеңілдіктерге ие болады. Бағдарлама қатысушылары мен олардың отбасы мүшелеріне сапалы білім алу және медициналық қызметтерді пайдалану мүмкіндігі қарастырылған.
Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні дамытудағы деректердің рөліне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, жүйеленген әрі сапалы деректер – жасанды интеллект технологияларының негізгі экономикалық базасы.
– Жүйеленген деректер жасанды интеллектінің әлеуетін тиімді пайдалануға және еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Осы ретте тіл бүкіл жүйені біріктіретін басты құрал болуы керек. Ең алдымен, қазақ тілін заманауи цифрлық жүйелерге толық кіріктіру қажет, – деді Президент.
Мемлекет басшысы ортақ деректер қоры өзара үйлесімді және машина оқи алатын форматта болуы тиіс екенін атап өтті. Оның пікірінше, сапасыз әрі жүйеленбеген мәліметтер жағдайында тіпті ең қуатты алгоритмдердің өзі тиімді жұмыс істей алмайды.
Президент қазіргі таңда маңызды ақпараттардың басым бөлігі архивтерде қағаз күйінде сақталып отырғанын айтып, оларды жедел түрде цифрлық форматқа көшіру қажет екенін жеткізді.
– Қазір аса құнды ақпараттың көбі архивтерде шаң басып жатыр. Оның бәрін цифрлық форматқа көшіру қажет. Біз уақыттан ұтылып, мүмкіндікті пайдалана алмай отырмыз. Үкімет жасанды интеллект үлгілерін оқыту үшін архивтердегі және қолданыстағы мәліметтерді сапалы деректер торабына жинақтауға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне деректер сапасын айқындайтын ұлттық стандарт әзірлеуді тапсырды. Бұл стандарт экономика, ғылым және бизнес өкілдеріне қолжетімді болуы керек екенін айтты.
Мемлекет басшысы деректерге негізделген басқару моделіне толық көшу үшін мемлекеттік бағдарламалардың нормативтік базасын қайта қарау қажет екенін де атап өтті. Оның айтуынша, барлық мәлімет бірыңғай «деректер қоймасына» біріктіріліп, мемлекеттік жұмыстың тиімділігі сол арқылы бағалануға тиіс.
– Егер осы бағытта шұғыл шара қабылдамасақ, салынған инвестиция құмға сіңген судай жоғалады, – деді Президент.