Контентке өту

Тоқаев: Қазақстан цифрлық экономика мен жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты күшейтеді

Тоқаев: Қазақстан цифрлық экономика мен жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты күшейтеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай қаласында өткен кездесу барысында Қазақстанның цифрлық трансформация бағытындағы басымдықтарын таныстырып, жасанды интеллект, цифрлық инфрақұрылым және көлік-логистика салаларындағы стратегиялық бастамаларға тоқталды.

Президенттің айтуынша, Қазақстан жасанды интеллектіні болашақ экономикалық өсімнің негізгі драйверлерінің бірі ретінде қарастырады және халықаралық инвесторлар үшін заманауи цифрлық инфрақұрылым қалыптастыруға басымдық беріп келеді.

Осы орайда Мемлекет басшысы Екібастұз қаласында жүзеге асырылатын Data Center Valley жобасына ерекше назар аударды.

– Бұл – еліміздің бірегей стратегиялық бастамасы. Аталған жоба Қазақстан мен бүкіл Орталық Азия цифрлық инфрақұрылымының негізгі тірегі болады деп санаймыз. Басты мақсат – деректерді өңдеу орталықтарын, бұлтты сервистерді және жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға арналған халықаралық деңгейдегі платформа қалыптастыру, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, жоба аясында инвесторларға толық дайын өндірістік алаңдар мен заманауи инфрақұрылым ұсынылып, тұрақты электр энергиясы және арнайы инвестициялық режим қарастырылады. Сонымен қатар Қазақстан суперкомпьютерлерді, жасанды интеллект зертханаларын, ғылыми-зерттеу ұйымдарын, білім беру бағдарламаларын және стартаптарды біріктіретін тұтас инновациялық экожүйе қалыптастыруды көздейді.

Мемлекет басшысы цифрлық логистика мен халықаралық көлік дәліздерін дамыту мәселесіне де ерекше тоқталды.

Президенттің мәліметінше, Қазақстан аумағы арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді, ал Қытай мен Еуропа арасындағы теміржол тасымалының шамамен 85 пайызы еліміз арқылы жүзеге асырылады. Соңғы 15 жылда көлік және логистика инфрақұрылымын дамытуға 35 миллиард доллардан астам инвестиция салынған.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда халықаралық жүк тасымалының тиімділігі цифрлық ықпалдастықпен тікелей байланысты екенін айтып, осы бағыттағы негізгі жоба ретінде Smart Cargo платформасын атады.

– Бұл – кедендік, логистикалық және коммерциялық қызметтерді бір цифрлық ортаға біріктіретін бірыңғай цифрлық терезе. Басты мақсат – Еуразияның бірыңғай цифрлық көлік кеңістігін қалыптастыру, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытайдың халықаралық сауданың тиімділігін арттыратын жаңа цифрлық стандарттарды бірлесіп қалыптастыруға әлеуеті жеткілікті екенін атап өтіп, Қытайдың технологиялық компанияларын, логистика операторларын және инфрақұрылымдық инвесторларын осы бастамаларға белсенді қатысуға шақырды.

Сонымен қатар Президент аса маңызды минералдарды игеру саласын екіжақты ынтымақтастықтың келешегі зор бағыты ретінде бағалады. Оның айтуынша, Қазақстан стратегиялық минералдық ресурстар қоры бойынша әлемдік көшбасшылардың қатарында және халықаралық серіктестермен бірге қосылған құны жоғары өндірістерді дамытуға мүдделі.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты