Контентке өту

Тоқаев: Қазақстан мен Қытай стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңіне қадам басты

Тоқаев: Қазақстан мен Қытай стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңіне қадам басты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының жетекші компанияларының басшыларымен «дөңгелек үстел» форматында кездесу өткізіп, Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңге шыққанын атап өтті.

Президенттің айтуынша, бүгінде екі ел арасындағы ынтымақтастық бұрын-соңды болмаған деңгейге көтеріліп, өзара сенім мен ұзақмерзімді әріптестікке негізделген жаңа «алтын отыз жылдық» басталды.

– Екіжақты байланыстарымыз бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді. Біз Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының жаңа «алтын отыз жылдығына» бірге қадам бастық. Елдеріміздің ықпалдастығы мүлде жаңа сапалық деңгейге шықты деп айтуға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы жоғары деңгейдегі саяси сенім сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың қарқынды дамуына берік негіз қалыптастырғанын айтты.

Президенттің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда көлемі 49 миллиард долларға жетіп, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Сондай-ақ Қытай Қазақстан экономикасына 30 миллиард доллардан астам инвестиция салған. Қазіргі таңда елімізде қытай капиталының қатысуымен 8500-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп тұр.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан экономикасын жаңғыртуға үлес қосып отырған қытайлық компаниялардың қызметіне жоғары баға беріп, бірлескен ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Олардың қатарында Sinopec компаниясымен ірі газ-химия кешенінің, Fufeng Group компаниясымен жүгеріні терең өңдеу зауытының және Lihua Group компаниясымен заманауи мақта-тоқыма кластерінің құрылысы бар.

Сонымен қатар Қазақстанда Қытайдың автомобиль өндірісі де қарқын алып келеді. Елде HOWO, Yutong және JAC брендтерінің өндірісі жолға қойылса, өткен жылы Changan, Great Wall Motor және Chery мультибрендті автомобиль өндірісі іске қосылды.

Президенттің айтуынша, аталған жобалар Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың инновация, жоғары технологиялар және өнеркәсіпті жаңғырту бағытында жүйелі түрде дамып келе жатқанын айқын көрсетеді.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты