Контентке өту

Тоқаев: Қазақстан Орталық Азиядағы жетекші AgriTech хабына айналуды көздейді

Тоқаев: Қазақстан Орталық Азиядағы жетекші AgriTech хабына айналуды көздейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын енгізу және азық-түлік қауіпсіздігін нығайту бағытындағы басымдықтарына тоқталды.

Президенттің айтуынша, қазіргі таңда ауыл шаруашылығында бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін табиғи ресурстармен қатар цифрлық технологиялар, деректерді тиімді пайдалану және жасанды интеллект шешімдері шешуші рөл атқарады.

– Қазақстан екі жыл қатарынан 27 миллион тонна астық жинады. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Мұның бәрі – заманауи технологияның және тиімді басқарудың нәтижесі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы елімізде ауыл шаруашылығын цифрландыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, дрондар, спутниктік мониторинг және дәлдігі жоғары егіншілік технологиялары кеңінен енгізілуде.

Президенттің мәліметінше, қазір Қазақстанда 200-ден астам агроөнеркәсіп кәсіпорны «ақылды ферма» қағидаты бойынша жұмыс істейді, ал 650-ден астам шаруашылық цифрлық шешімдерді кезең-кезеңімен енгізіп жатыр. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерінің егістіктен бастап тұтынушыға дейінгі қозғалысын толық бақылауға мүмкіндік беретін ұлттық цифрлық қадағалау жүйесі әзірленуде.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, негізгі мақсат – ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайтып қана қоймай, қосылған құны жоғары азық-түлік өндірісін дамыту.

– Біз сол арқылы Қазақстанды Орталық Азиядағы жетекші AgriTech хабы ретінде дамытуды көздеп отырмыз. Бұл мақсатқа жетудің төте жолы – жасанды интеллект, роботтандыру және Industry 4.0 технологиясын енгізу, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сапаны бақылаудың зияткерлік жүйелері, автоматтандырылған өндіріс желілері және цифрлық жеткізу тізбектері еңбек өнімділігін арттырып, халықаралық стандарттарға сай өндірісті дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сонымен қатар Қазақстанда заманауи логистикалық орталықтар мен автоматтандырылған тоңазытқыш қоймалардан тұратын өнім сақтау инфрақұрылымы дамытылып жатыр. Президент осы бағыттағы ауқымды жобаларды жүзеге асыруға Қытай компанияларын белсенді қатысуға шақырды.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты