Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путин екіжақты ынтымақтастықтың бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге жетуіне зор үлес қосқанын айтты, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Мемлекет басшысы Владимир Путинді көрнекті мемлекет қайраткері әрі әлемдік деңгейдегі саясаткер ретінде атап өтіп, оның Ресейдің мәртебесін нығайту жолында дәйекті саясат жүргізіп келе жатқанын жеткізді.
– Көрнекті мемлекет қайраткері және әлемдік ауқымдағы саясаткер ретінде Сіз ұлы держава саналатын Ресейдің мәртебесін нығайту жолында дәйекті саясат жүргізіп келесіз. Ресей тікелей араласпаса, бірде бір ірі және елеулі халықаралық мәселе шешімін таппайды. Сіз жаһандық тәртіп түбегейлі өзгеріп жатқан қиын кезеңде ел басқарып, орыс халқы мен Ресей мемлекеттілігі үшін тағдыршешті мәнге ие миссияны абыроймен және лайықты деңгейде атқарып келесіз, – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Ресей экономикасының дамуына және халықаралық аренадағы табыстарына шынайы тілектес екенін атап өтті.
Президенттің сөзінше, Қазақстан мен Ресей алып Еуразия кеңістігінің негізін құрайды және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында бірлесе жұмыс атқарып келеді.
– Екі елді тарихи тамырластық, мәдени дәстүрлер, ұқсас менталитет, бастысы, әлемдегі ең ұзын шекара біріктіреді. Сондықтан мәңгі достық, тату көршілік және өзара сенім дегеніміз – жай ғана үгіт-насихат ұраны емес, халықтарымыздың бейбіт тіршілігінің мәні және қоғамдық өмірдің барлық саласындағы табыстың мызғымас кепілі, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент Қазақстанда Ресеймен жан-жақты ынтымақтастықты басты бағыттардың бірі ретінде қарастыратынын айтып, бұл саясатты жалғастыру екі елдің қазіргі және келешек басшыларының қасиетті міндеті екенін жеткізді.