Контентке өту

Тоқаев Шанхайда: Қазақстан жасанды интеллект дәуіріндегі жаһандық серіктестікті қолдайды

Тоқаев Шанхайда: Қазақстан жасанды интеллект дәуіріндегі жаһандық серіктестікті қолдайды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясының (WAIC) ашылу рәсіміне қатысты. Биылғы дәстүрлі жиын «Жарқын болашақ үшін жасанды интеллект саласындағы серіктестік» тақырыбына арналды, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Мемлекет басшысы конференцияның Қытайдың жасанды интеллект саласындағы елеулі жетістіктерін айқын көрсететінін атап өтті.

«Бүгінде дүние жүзіндегі жасанды интеллектіні зерттеушілердің жартысынан астамы – Қытай елінің өкілдері. ЖИ саласындағы патенттердің басым бөлігі қытайлық жаңашыл мамандарға тиесілі. Ал елдің қарқынды инновациялық экожүйесі озық технологиялардың көптеген бағытында соны серпіліс жасауда», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев конференцияда жарияланған «Барша адамзат игілігіне қызмет ететін ЖИ» тұжырымдамасына Қазақстанның қолдау білдіретінін айтты.

«Технологиялық прогресті баршаның игілігіне айналдыруға күш-жігер жұмылдырғанда осы ұсынылған қағидаттарды басшылыққа алған жөн деп санаймын. Келешектің келбетін өзара сенім мен ортақ мүддеге сай тығыз ынтымақтастық орнатып, серіктесе әрекет ететіндер айқындайды. Мен бұған кәміл сенемін. Осы орайда Төраға Си Цзиньпин ұсынған "Адамзаттың ортақ тағдыры қоғамдастығын" құру туралы тұжырымдаманың маңызы зор. Қазақстан алысты болжаған бұл бастаманы жоғары бағалайды әрі жасанды интеллект дәуірінде оның өзектілігі артып келеді деп санайды», – деді Мемлекет басшысы.

Президент қазіргі Қытайдың даму стратегиясын айқындаған Си Цзиньпиннің көшбасшылық қасиеттеріне де ерекше тоқталды.

«Біздің елде Си Төрағаны тарихи ауқымдағы біртуар көшбасшы деп есептейді. Оның парасатты әрі орнықты басшылығымен Қытай елі осынау дүрбелеңге толы, болжаусыз әрі қақтығыстардан көз ашпаған әлемде жаңа табыстарға батыл қадам басып келеді. 2029 жылы қазан айында елдеріңіз Қытай Халық Республикасының құрылғанына 80 жыл толуын атап өтеді. Сексен жыл – бір адамның тұтас ғұмыры, ал Қытай оның жартысын саяси және экономикалық дүрбелеңдердің зиянды салдарымен күресуге сарп етті. Небәрі 40 жыл ішінде қарқынды дамыған Қытай зор табысқа жетіп, кедейлікті толық еңсерді және сан салалы экономикасы бар, әсіресе, жоғары технологиялар бойынша көш бастаған әлемдік державаға айналды. Бұл – Қытай Коммунистік партиясы мен оның білікті де бірегей жетекшісі, Төраға Си Цзиньпиннің көреген саясатының нәтижесі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты