Контентке өту

Тоқаев: Жасанды интеллект – жаһандық экономиканың жаңа қозғаушы күші

Тоқаев: Жасанды интеллект – жаһандық экономиканың жаңа қозғаушы күші

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясында сөйлеген сөзінде жасанды интеллекттің экономика, сауда және жаһандық өзара байланыстың болашағын айқындайтын, толыққанды инфрақұрылымы бар стратегиялық салаға айналып келе жатқанын айтты.

Президенттің мәліметінше, БҰҰ деректеріне сәйкес, жасанды интеллект инфрақұрылымы мен оған қатысты технологияларға салынатын инвестиция көлемі жыл сайын орта есеппен 47 пайызға артып келеді. Ал 2033 жылға қарай жаһандық жасанды интеллект нарығының көлемі шамамен 5 триллион долларға жетеді деп болжануда.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мұндай қарқынды даму жасанды интеллектіні басқарудың кешенді жүйесін қалыптастыруды талап етеді. Оның айтуынша, бұл жүйе жартылай өткізгіштер өндірісі мен деректерді өңдеу орталықтарынан бастап, этика, білім беру және адамның қадір-қасиетін қорғауға дейінгі барлық бағытты қамтуы қажет.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы жасанды интеллекттің дамуы әлемдегі геосаяси ахуалдың күрделенуімен тұспа-тұс келіп отырғанына назар аударды. Ол қазіргі таңда мемлекеттердің басым бөлігі қақтығыстардың алдын алудан гөрі, олардың салдарын жоюға көбірек күш жұмсайтынын айтты.

Президенттің айтуынша, жасанды интеллект алдын ала ескерту жүйелерін жетілдіруге, превентивті дипломатияны дамытуға, гуманитарлық көмек пен бітімгерлік бастамаларды күшейтуге мүмкіндік беріп, осы көзқарасты өзгертуге тарихи мүмкіндік ұсынып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, жасанды интеллект ең алдымен әділ әрі инклюзивті дамудың қозғаушы күшіне айналуы тиіс.

«Бірде бір ел жасанды интеллектіні тұтынумен шектелмеуге тиіс. Адами капиталы мен цифрлық инфрақұрылымын дамытып, институционалдық әлеуетін көтеруге кез келген мемлекеттің мүмкіндігі болуы керек. Бұл жерде әңгіме тағы да әділдік пен адалдыққа барып тіреледі. Жасанды интеллектіні экономика мен қоғам игілігіне пайдалану, сөйте тұра оны адамның саналы әрі қабілетті басқаруында қалдыру – баршамызға ортақ міндет», – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Дүниежүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымының құрылуын тарихи шешім ретінде бағалайтынын атап өтті.

Президенттің айтуынша, аталған ұйым жасанды интеллектіні басқарудың әмбебап халықаралық құрылымының негізін қалап, адамзаттың өсіп-өркендеуі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өзара тиімді серіктестік тетігіне айналуы тиіс.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты