Контентке өту

Төреғали Төреәлінің концерттері тоқтатылды: продюсер мәлімдеме жасады

Төреғали Төреәлінің концерттері тоқтатылды: продюсер мәлімдеме жасады
ашық дерек

Қазақстандық әнші Төреғали Төреәлінің концерттік және гастрольдік қызметі уақытша тоқтатылды. Бұл туралы продюсер Жан Мұқанов мәлімдеді, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Оның айтуынша, мұндай шешім Павлодар қаласындағы ипподромның ресми ашылу салтанатында әншінің алдын ала келісілген міндеттемелерді орындамауына байланысты қабылданған.

Осыған байланысты Төреғали Төреәлінің қатысуымен жоспарланған бірқатар іс-шаралар кейінге шегерілді. Атап айтқанда, Алматы қаласының күніне арналған концерттер мен күз мезгіліне жоспарланған халықаралық гастрольдік тур толықтай тоқтатылған.

«Арнайы шешім қабылданғанға дейін Төреғали Төреәлі концерттерге, жеке іс-шараларға және өзге де алаңдарда өнер көрсетпейді», – делінген мәлімдемеде.

Сонымен қатар продюсер Павлодар облысы мен қаласының әкімдігіне, Мәдениет басқармасына, іс-шара ұйымдастырушыларына және көрермендерге келтірілген қолайсыздық үшін кешірім сұрады. Оның айтуынша, келтірілген шығындарды өтеу жұмыстары басталып кеткен.

Еске салайық, бұған дейін Төреғали Төреәлінің футболшы Дастан Сәтпаевтың қоштасу матчындағы өнер көрсетуі әлеуметтік желіде қызу талқыланған болатын. Әншінің сахнадағы әрекеттеріне қатысты түрлі пікірлер айтылып, желіде әртүрлі болжамдар тараған еді.

Қазіргі уақытта әншінің концерттік қызметінің қашан қайта жанданатыны белгісіз.

Admin

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты