Қазақстанда түнгі уақытта тұрғындардың тыныштығын бұзатындарға бақылау күшейтіледі. Ішкі істер министрлігі соңғы уақытта көпқабатты тұрғын үйлердің маңында отшашу атып, қатты музыка қойып, туған күн атап өту немесе түрлі мерекелік шаралар ұйымдастыру жағдайлары жиілегенін мәлімдеді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Тұрғындардың айтуынша, мұндай әрекеттер түнгі тыныштықты бұзып қана қоймай, аулаларда қоқыс пен пиротехникалық қалдықтардың қалуына себеп болады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жұмыс күндері сағат 22:00-ден кейін, ал демалыс және мереке күндері 23:00-ден кейін тыныштықты бұзуға тыйым салынған.
Белгіленген талаптарды сақтамаған азаматтарға 22 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Егер құқық бұзушылық қайталанса, жаза мөлшері екі есеге ұлғаяды.
Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінде полиция қызметкерлері түнгі уақытта заң талаптарын бұзатындарға қатысты рейдтік іс-шаралар жүргізіп жатыр.
Құқық қорғау органдары азаматтарды мерекелік іс-шараларды өткізген кезде қоғамдық тәртіпті сақтап, айналасындағылардың тыныштығына құрметпен қарауға шақырды.