Контентке өту

Түркістанда 6 жастағы қызға тиіспек болды: ата-ана әділдік талап етуде

Түркістанда 6 жастағы қызға тиіспек болды: ата-ана әділдік талап етуде
ашық дерек

Түркістан облысында кәмелетке толмаған қызға қатысты оқиға қоғамда алаңдаушылық туғызды. Жәбірленуші тараптың айтуынша, 6 жастағы қызға жоғары сыныпта оқитын жасөспірім тиіспек болған, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Оқиға Отырар ауданында шамамен бір ай бұрын болған. Ата-анасының сөзінше, мектептен кешігіп әрі жылап келген қыз ауыл шетіндегі жыңғыл арасында белгісіз жасөспірімнің өзіне тиісуге әрекет жасағанын айтқан. Осыдан кейін ата-ана қызын дәрігерге апарып, тексерістен өткізген. Мамандар баланың қыздығы бұзылмағанын, алайда әрекет жасалуға талпыныс болғанын айтқан.

Осы жағдайдан соң ата-ана құқық қорғау органдарына жүгініп, қылмыстық іс қозғатуды талап еткен. Алайда олардың айтуынша, арада бір ай өтсе де күдіктіге қатысты нақты шара қолданылмаған. Керісінше, ол ауылда еркін жүр деген шағым айтылды.

Жәбірленушінің анасы тергеу жұмыстарының баяу жүріп жатқанын сынға алып, істің әділ қаралатынына күмән келтіретінін жеткізді. Сондай-ақ оқиғадан кейін қыздың психологиялық жағдайы күрт нашарлағаны айтылды — ол көшеге шығудан қорқып, тіпті тамақтан бас тартқан.

Қауіпсіздік мәселесіне байланысты ата-ана баласын мектепке жібермей отырғанын мәлімдеді. Бұған қоса, білім беру мекемесі тарапынан жеткілікті қолдау болмағанын айтып, жауапты органдарға наразылық білдірді. Қазіргі таңда отбасы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі мен балалар құқықтары жөніндегі уәкілден көмек сұрап отыр.

Өз кезегінде Түркістан облысының полиция департаменті бұл іске қатысты ресми пікір білдірді. Ведомствоның мәліметінше, жүргізілген сот-медициналық сараптама қорытындысында баланың денесінде жарақат белгілері анықталмаған. Сонымен қатар бастапқы тергеу барысында құқыққа қайшы әрекеттер расталмағаны айтылды.

Соған қарамастан, іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары барлық мән-жайды анықтап, заң аясында шешім қабылданатынын мәлімдеді.

Admin

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты