23 сәуірде Президент жарлығымен белгіленген Ұлттық кітап күні аясында Жамбыл облысының ауыл мектептеріне 17 000 кітап табысталмақ. Ауқымды жоба ASSYLTAS қоғамдық қорының “Артық білім кітапта” бастамасы шеңберінде жүзеге асырылады және Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналып отыр, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Жалпы саны 340 білім беру ұйымын қамтитын бұл игі шара аясында оқушыларға арналған мазмұнды әрі танымдық туындылар топтастырылған кітаптар жеткізіледі. Қоржындағы әдебиеттер жас ұрпақтың білім көкжиегін кеңейтуге бағытталған.
Айта кету керек, өткен жылы осы жоба Абай облысында іске асырылып, 233 ауыл мектебіне 14 000-ға жуық кітап үлестірілген еді. Биыл бастаманың жалғасын табуына облыс әкімдігі қолдау білдіріп отыр.
Бұл қадам ауыл мектептеріндегі кітап қорын толықтырып қана қоймай, оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға да серпін беретіні сөзсіз.