Контентке өту

Үш жылда Тараздың қоғамдық көлік жүйесі жаңа деңгейге көтерілді

Үш жылда Тараздың қоғамдық көлік жүйесі жаңа деңгейге көтерілді

Тараз қаласында соңғы жылдары көлік инфрақұрылымын жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Жолдардың өткізу қабілетін арттыру, қоғамдық көлік сапасын жақсарту және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында қолға алынған жобалар шаһардың көлік жүйесін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беруде, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Бүгінде қаладағы маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Абай даңғылы бойындағы темір жол үстінен өтетін жол өткелі мен жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жоба аяқталғаннан кейін көлік қозғалысының қауіпсіздігі артып, жолдағы кептеліс азаяды. Сонымен қатар жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, қаланың көлік логистикасы едәуір жақсарады.

Қоғамдық көлік жүйесін жаңғырту да жүйелі түрде жалғасып келеді. Қала әкімдігі бекіткен даму жоспарына сәйкес жыл сайын 70 жаңа автобус сатып алу көзделген. Осы жоспар аясында биылғы жылдың басынан бері қалаға 10 жаңа автобус жеткізілді. Ал соңғы үш жылдың ішінде барлығы 366 жаңа автобус сатып алынып, қоғамдық көлік паркі айтарлықтай жаңартылды.

Нәтижесінде жаңа автобустардың үлесі 57 пайыздан 82,9 пайызға дейін өсіп, қаладағы қоғамдық көліктің басым бөлігі заманауи талаптарға сай жаңа техникалармен қамтамасыз етілді. Бұл тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, тасымалдаудың қауіпсіздігі мен жайлылығын жақсартуға мүмкіндік берді.

Автобус паркінің жаңаруы қоғамдық көлік санының артуына да оң әсерін тигізді. Егер бұған дейін қала көшелерінде 330 автобус қатынаса, бүгінде олардың саны 522 бірлікке жетті. Сонымен қатар тұрғындардың сұранысына сәйкес қоғамдық көлік бағыттары кеңейтіліп, соңғы жылдары қосымша 13 жаңа маршрут ашылды. Қазіргі таңда Таразда қоғамдық көлік 46 бағыт бойынша қатынайды.

Жаңғырту жұмыстарының тиімділігі жолаушылар ағынының өсуінен де байқалады. Соңғы үш жыл ішінде қоғамдық көлікпен тасымалданған жолаушылар саны 36,5 пайызға артып, 14,4 миллион адамға көбейді. Бұл көрсеткіш тұрғындардың қоғамдық көлікке деген сенімінің күшейгенін және көрсетілетін қызмет сапасының жақсарғанын аңғартады.

Қала тұрғындары үшін жайлы орта қалыптастыру мақсатында аялдама инфрақұрылымы да кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. Биыл шаһарда 66 жаңа автобус аялдамасын орнату жоспарланған. Қазіргі уақытта бұл жұмыстар жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда. Жаңа үлгідегі аялдамалар жолаушыларға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, қаланың сәулеттік келбетін де заманауи сипатқа ие етеді.

Жол инфрақұрылымын жетілдіру, қоғамдық көлік паркін жаңарту және жолаушыларға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жүйелі жұмыстар Тараздың көлік жүйесін дамытуға серпін беруде. Бұл бастамалар шаһар тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, қаланың тұрақты дамуына негіз болмақ.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты