Контентке өту

Жамбыл облыстық басқармасының бұрынғы басшысы пара алғаны үшін сотталды

Жамбыл облыстық басқармасының бұрынғы басшысы пара алғаны үшін сотталды
ашық дерек

Тараз қаласында Жамбыл облысы әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бұрынғы басшысы Еркін Келесовке қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Сот мәліметінше, экс-шенеунік қарамағындағы мекеме басшысына жалпы қамқорлық көрсетіп, қызметтік қысымды тоқтату үшін 4 миллион теңге көлемінде пара алған.

Тергеу барысында аталған қаражаттың Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы №2 директоры тарапынан берілгені анықталған. Тергеу нұсқасына сәйкес, ақша мекеменің қызметіне және бөлінетін бюджет қаражатына байланысты мәселелер бойынша қолдау көрсету үшін талап етілген.

Мекеме басшысы құқық қорғау органдарына жүгінгеннен кейін ақшаны беру процесі жедел қызметтердің бақылауымен жүргізілген.

Еркін Келесов 13 сәуір күні ұсталып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезеңінде тергеу изоляторына қамалған.

Іс сотта қысқартылған тәртіппен қаралды. Себебі айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, тергеу барысында жиналған дәлелдерге қарсылық білдірмеген.

4 маусым күні судья Ғазиз Аманбаев үкім шығарып, Еркін Келесовті ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды.

Сот шешімімен оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар оған өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазым атқаруға тыйым салынды.

Соттағы соңғы сөзінде бұрынғы басқарма басшысы өз кінәсін толық мойындайтынын және жасаған әрекетіне өкінетінін мәлімдеді.

Admin

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты