Жамбыл облыстық кітапханасының цифрлық кеңістіктегі аудиториясы артып келеді. 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Ш. Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының әлеуметтік желілердегі жарияланымдары 11 842 649 рет қаралған.
Оның ішінде Facebook желісіндегі жарияланымдар 6 319 137 қаралым жинаса, Instagram парақшасындағы контент 5 523 512 рет қаралған.
Кітапхананың әлеуметтік желілердегі белсенділігі дәстүрлі кітапхана қызметін цифрлық форматпен ұштастыруға мүмкіндік беріп отыр. Оқырмандарға әдеби жаңалықтар, кітап көрмелері, мәдени-ағартушылық іс-шаралар, қаламгерлер шығармашылығы және ұлттық әдеби мұра туралы ақпараттар онлайн форматта ұсынылады.
Есепті кезеңде Facebook желісінде 4051, Instagram-да 1546 жарияланым орналастырылды. Сонымен қатар TikTok-та 512, Telegram-да 2049, YouTube-та 431 материал жарияланды.
Цифрлық бағыт тек әлеуметтік желілермен шектелмейді. Кітапхана жанындағы «Aulieata library» мобильді қосымшасына 134 автордың 385 кітабының электронды нұсқасы енгізілген. Бұл оқырмандарға әдебиеттерді смартфон арқылы пайдалануға мүмкіндік береді.
Кітап қорын цифрландыру жұмыстары да жалғасуда. «Қасиетін жоймаған құнды кітаптарды цифрландыру» жобасы аясында 1021 құнды және сирек басылымның 363-і цифрландырылды. Сонымен қатар жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларын электронды форматқа көшіру жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы, кітапхана қызметінің цифрлық форматқа көшуі әдеби мұраны жаңа аудиторияға таныстыруға мүмкіндік беріп отыр. Әлеуметтік желідегі миллиондаған қаралым кітапхана контентінің тек тұрақты оқырмандарға емес, кең интернет аудиториясына да жетіп жатқанын көрсетеді.