Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті 2026 жылдың алғашқы алты айындағы жұмыс қорытындысын шығарды.
Есепті кезеңде облыс аумағында мемлекеттік бақылаумен 1 049 медициналық және фармацевтикалық объект қамтылды. Оның 551-і медициналық, 498-і фармацевтикалық қызмет саласына жатады.
Департамент алты ай ішінде мемлекеттік қызметтің 7 түрі бойынша 5 011 қызмет көрсетті. Оның 4 871-і, яғни 97,2 пайызы, медициналық бағытқа, ал 140-ы (2,8 пайызы) фармацевтикалық бағытқа тиесілі.
Мемлекеттік қызметтерді алу тәртібін түсіндіру мақсатында 190 адамды қамтыған 14 іс-шара ұйымдастырылды. Көрсетілген мемлекеттік қызметтердің сапасына қатысты шағым түскен жоқ.
Сонымен қатар есепті кезеңде Департаментке 589 өтініш келіп түсті. Оның 510-ы медициналық, 79-ы фармацевтикалық қызметке қатысты. Өтініштердің басым бөлігі медициналық көмектің сапасына байланысты болды – мұндай 288 өтініш тіркелген.
Жыл басынан бері Департамент тарапынан жалпы сомасы 11,6 млн теңге болатын 83 әкімшілік хаттама жасалды.
Қазір ведомство медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін бақылауға, дәрілік заттардың заңды айналымын қамтамасыз етуге, сондай-ақ оларды таңбалау және қадағалау жүйесін енгізуге басымдық беріп отыр.
Алдағы уақытта Департамент медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін арттыру, дәрілік заттардың заңды айналымын қамтамасыз ету және азаматтардың денсаулық сақтау саласындағы құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.