Жамбыл облысында 2026 жылы аграрлық секторды дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстар жоспарланып отыр. Биыл өңірдегі егіс алқаптарының жалпы көлемі 665,4 мың гектарға жеткізіліп, өткен жылмен салыстырғанда 25,5 мың гектарға ұлғаймақ. Бұл – ауыл шаруашылығы өндірісін тұрақты дамыту мен ішкі нарықты қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадамдардың бірі, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Егіс құрылымында негізгі үлесті дәстүрлі түрде дәнді және дәнді бұршақты дақылдар алады – 378,3 мың гектар. Сонымен қатар майлы дақылдар 44,3 мың гектарға, қант қызылшасы 8,5 мың гектарға, картоп 8,8 мың гектарға орналастырылады. Көкөніс дақылдары 28,9 мың гектарды, бақша дақылдары 9,7 мың гектарды, ал мал азығы дақылдары 186,7 мың гектарды құрайды.
Бұл ретте өңірде қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етуге басымдық беріліп отыр. Атап айтқанда, дәндік жүгері дақылының көлемі 30,0 мың гектарға дейін жеткізіліп, жиналатын өнім 109 мың тоннадан 210 мың тоннаға дейін артады деп күтілуде. Сонымен қатар қант қызылшасының көлемі ұлғайып, 450 мың тонна өнім алу жоспарланған. Бұл көрсеткіштер өңірдің аграрлық әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетеді.